Кейінгі жылдары азаматтық қоғам ұғымы көпқырлы мағынаға ие бола бастады. Көпшілік оны ең әуелі құқықтық мәртебе, яғни мемлекеттің азаматы ретінде белгілі бір құқықтар мен міндеттерді иелену деп түсінеді. Сонымен қатар азамат болу – тек құқықты пайдалану емес, қоғам өміріне белсенді араласу, өз пікірін білдіру, әлеуметтік бастамаларға қатысу деген түсінік те кеңінен қалыптасып келеді. Аға буын азаматтық қоғам ұғымын мемлекетке адалдық, міндеттерді ойдағыдай орындаумен байланыстырса, жастар оны еріктілік, белсенділік және әлеуметтік желілер арқылы ой-пікірін ашық жеткізумен байланыстырады. Жалпы алғанда, қазақстандықтар азаматтық қоғамды тек заңдық мәртебе ғана емес, елге жанашырлық танытып, қоғам дамуына үлес қосу парызы ретінде қабылдай бастады.
Қазақстанда азаматтық қоғам институттары тәуелсіздік алғаннан бері біртіндеп қалыптасып, саяси, әлеуметтік және экономикалық дамудың маңызды бөлігіне айналды. Азаматтық қоғамды дамыту – демократиялық үрдістердің орнығуына, халықтың құқықтық мәдениетінің артуына және мемлекеттік басқарудың ашықтығын қамтамасыз етуге ықпал ететін басты фактордың бірі. Сондай-ақ азаматтық қоғам – мемлекеттік биліктен тәуелсіз қоғамдық бірлестіктердің, қозғалыстардың, кәсіби және ерікті ұйымдардың жиынтығы. Бұл институттар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, әлеуметтік проблемаларды шешу, мемлекеттің жауапкершілігін арттыру сияқты маңызды міндеттер атқарады. Қазақстан жағдайында азаматтық қоғам демократиялық институттардың дамуын, ашықтық пен есеп беруді нығайтуды қамтамасыз етудің негізгі жолы болып отыр.
Елімізде азаматтық қоғам институттары тәуелсіздік алған жылдардан бастап елеулі даму кезеңдерінен өтті. Алғашқы қалыптасу кезеңіне 1990 жылдардың басын жатқызамыз. Тәуелсіздік жылдарында көптеген қоғамдық ұйым мен қор пайда болды. Олардың қызметі көбінесе қайырымдылық, білім беру, экологиялық және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталды. Екінші кезең 2000 жылдардың басына тұспа-тұс келеді. Бұл – заңнамалық және институционалдық негіздердің дамуы. Осы жылдары «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» (2001 ж.), «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» (2005 ж.) заңдар қабылданып, азаматтық қоғамның құқықтық алаңы айқындалды. 2010 жылдары азаматтық қоғамның үшінші кезеңі қалыптасты. Осы әртараптандыру мен кәсібилену кезеңінде мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы әріптестік тетіктері дами түсті. Азаматтық бастамаларды қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары қабылданды. Ал 2020 жылдан бері төртінші кезеңі басталды. Ол цифрландыру және азаматтық белсенділіктің жаңа формаларын қамтиды. Әлеуметтік желілер мен интернет-платформалар азаматтық қоғамды дамытудың жаңа құралдарына айналды.
Қазақстанда мыңдаған коммерциялық емес ұйым тіркелген. 2023 жылғы деректер бойынша Қазақстанда 22 000-нан астам коммерциялық емес ұйым бар, олардың
14 000-ға жуығы белсенді жұмыс істейді. Олардың ішінде экологиялық қозғалыстар, жастар ұйымдары, адам құқықтарын қорғау ұйымдары, кәсіби бірлестіктер және қайырымдылық қорлары әртүрлі шаралар өткізіп, қоғамға қозғау салып келеді. Азаматтық қоғам институттары маңызды әлеуметтік мәселелерді көтеріп, мемлекеттік шешімдерге ықпал етуге ұмтылып отыр. Сонымен қатар азаматтық белсенділік интернет алаңдарына көшіп, онлайн-петициялар, қоғамдық талқылаулар, ақпараттық науқандардың маңызы артты. Мемлекет қоғамдық кеңестер, гранттық қаржыландыру жүйесі арқылы ҮЕҰ-лармен өзара іс-қимылды күшейтуде. Жыл сайын азаматтық бастамаларға бөлінетін мемлекеттік гранттар көлемі шамамен 2,3 млрд теңгеге жетеді. Қоғамдық кеңестер саны – 230-дан астам, олар денсаулық, білім, инфрақұрылым салаларын бақылауға қатысады.
Қазақстанда азаматтық қоғам институттары әлеуметтік даму мен тұрақтылыққа үлес қосуда. Азаматтық қоғам халықтың өмір сапасын жақсарту, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру мен қоғамдық сананы қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Шетел тәжірибесін зерделеу осы процестерді жетілдіруге көмектеседі. Мәселен, Германия – әлеуметтік серіктестікті дамытқан ел. Онда үкіметтік емес ұйымдар денсаулық сақтау, инклюзия және қарт адамдарды қолдау салаларында белсенді. Үкімет әлеуметтік жобаларды гранттар арқылы қаржыландырады. Азаматтық қоғам ұйымдары жергілікті билікпен өзара іс-қимыл жасап, ардагерлер мен мүгедектерді қорғау бағдарламаларын іске асырады. Бұл азаматтық қоғамның әлеуметтік мемлекетті нығайтуға қосқан үлесінің жақсы мысалы.
Финляндияда экологиялық қозғалыстар өте белсенді. Азаматтық қоғам негізінен қоршаған ортаны қорғау, орман ресурстарын ұтымды пайдалану және қайта өңдеу мәдениетін насихаттау бағытында жобалар жүргізеді. Үкіметтік емес ұйымдар мемлекетпен тығыз серік-тестікте жұмыс істейді. Бұл бағыт Қазақ-станда да өзекті. Мәселен, «Табиғат» эколо-гиялық бірлестігі Алматы облысында ағаш отырғызу, су ресурстарын қорғау сияқты жобалар арқылы экологиялық сана қалып-тастыруда.
Ал Жапониядағы азаматтық ұйымдар табиғи апаттар кезінде халықты қолдау жүйесін дамытты. 2011 жылғы цунамиден кейін көптеген үкіметтік емес ұйым еріктілер қозғалысын үйлестіріп, мемлекеттің ресми құрылымдарына жәрдемдесті. Яғни, азаматтық ұйымдар апат кезінде жедел әрекет етуді үйлестіріп, мемлекеттің қолын ұзартады. Мұндай тәжірибе азаматтық қоғамның әлеуметтік маңызын айқын көрсетті, сондай-ақ Қазақстандағы төтенше жағдай қызметтерін қолдауға үлгі бола алады.
Норвегияда жастар ұйымдары білім, спорт және мәдениетті дамытуға бағытталған жобалар арқылы азаматтық белсенділікті қолдайды. Мемлекет гранттық қаржыландыру, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және білім беру бағдарламалары арқылы қолдау көрсетеді.
Канада мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдайды. Онда үкіметтік емес ұйымдар ерекше қажеттіліктері бар адамдардың қоғамдық өмірге толық араласуын қамтамасыз етеді. Бізде де осыған ұқсас жобалар даму үстінде. Мысалы, Kasietti Zhol қоғамдық қоры – церебральды сал ауруына шалдыққан балаларды оңалту орталықтарын ашып, мыңдаған отбасына көмек көрсетіп келеді.
Халықаралық тәжірибелер көрсеткендей, азаматтық қоғамды дамытуда басты назар әлеуметтік маңызды жобаларға аударылады. Мамандар Қазақстан үшін қайырымдылық пен волонтерлік мәдениетті нығайту, экологиялық жобаларды қолдау, әлеуметтік аз қамтылған топтарға қолдау көрсету, жастар ұйымдарының бастамаларын дамыту маңызды екенін алға тартады. Бұл бағыттарды жандандыруға кедергі келтіретін бірнеше мәселе бар екенін де айта кетуіміз керек. Оған қоғамдық ұйымдардың қаржылық тұрақсыздығы, халықтың азаматтық белсенділік деңгейінің төмендігі, құқықтық регламенттеудің кейбір қайшылықтары, сонымен бірге ақпараттық кеңістіктегі фейк жаңалықтар мен манипуляциялар жатады. Сондықтан азаматтық қоғамның толыққанды дамуы үшін азаматтардың құқықтық сауатын арттыру, ұйымдардың қаржылық және институционалдық мүмкіндіктерін кеңейту, мемлекеттің ашықтығын қамтамасыз ету, ауылдық жерлердегі азаматтық белсенділікті жандандыру аса маңызды.
Азаматтық қоғам – мемлекеттің стратегиялық әріптесі. Қазақстанда оның дамуы оң үрдістерге ие болып отыр. Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бағытында кейбір ҮЕҰ-лар өз қызметін табыс көзіне айналдырып, мемлекеттен тәуелсіз жұмыс істеуге бейімделіп келеді. Сондықтан бұл бағытты заңмен қолдау қажет. Цифрлық платформаларды кеңейту, қоғамдық ұсыныстар мен петицияларды қабылдайтын онлайн жүйелерді енгізу, қоғамдық кеңестердің өкілеттігін күшейту, бюджет қалыптастыру, өңірлік даму бағдарламаларын сараптау бойынша кеңестердің құзыретін нақтылау маңызды.
Қазақстанда азаматтық қоғамды дамытудың әлеуеті зор. Халықтың білім деңгейінің өсуі, жастардың әлеуметтік желілердегі белсенділігі, халықаралық әріптестіктердің артуы – осы саланы нығайтудың маңызды ресурстары. Мемлекеттік органдармен диалог пен серіктестікті одан әрі жетілдіру, қоғамдық бақылау институттарын дамыту, өңірлік деңгейде белсенділікті жақсарту негізгі бағыттар болуға тиіс.
Қазақстандағы азаматтық қоғам – ел демократиясының дамуы мен тұрақтылығының басты кепілі. Тәуелсіздік жылдарынан бері бұл сала үлкен жолдан өтті: алғашқы қайырымдылық ұйымдарынан бастап, бүгінде цифрлық платформалар арқылы халықтың пікірін жеткізетін заманауи институттарға дейін жетілді. Әрине, шешілуі тиіс түйткілдер де аз емес: қаржылық тұрақсыздық, азаматтардың белсенділік деңгейі мен құқықтық мәдениет мәселелері әлі де күн тәртібінде тұр. Дегенмен жастардың белсенділігі, халықаралық тәжірибенің енгізілуі және мемлекет пен азаматтық сектор арасындағы сындарлы әріптестік бұл саланың болашағы зор екенін көрсетеді. Сондықтан азаматтық қоғамды нығай-
ту – тек ұйымдардың ғана емес, барша қазақстандықтардың ортақ міндеті.