Ағартушылық пен қайраткерлікті тең ұстап, ұлт мүддесіне адал қызмет етіп, сталин қуғын-сүргінінің нақақ құрбанына айналған ардақты тұлғалардың бірі – мемлекет және қоғам қайраткері Меңдіболла Күзембайұлы (1889-1938). Ол қазақ даласын аштық жайлаған ауыр жылдары ел-жұртын аман алып қалуға күш салды. Ел еңсесін көтеру үшін ірі каналдар қаздырды. Жетім балаларға пана болып, мектеп ашып, ұрпақ тәрбиесіне ден қойды. Сахналанған пьеса жазып, өлке руханиятына жаңа леп әкелді. Ұлт тағдыры талқыланған Сырдария облысы қазақ-қырғыздарының съезінде Түркістан Уақытша ұлт кеңесінің мүшесі болып сайланды. Республиканың сауда, шаруашылық, мұнай, көлік және гидрометеорология салаларының дамуына үлес қосты.
Мақаланы жазу барысында ҚР Президентінің архиві, ҚР Орталық мемлекеттік архиві, Түркістан облысы қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архиві және Ресейдің әлеуметтік-саяси тарихының мемлекеттік архиві қорларындағы құжаттар негізге алынды. Сондай-ақ жеке архивіндегі тың деректермен бөлісіп, зерттеуімізге шын ниетімен қолдау көрсеткен қоғам қайраткері Е.Бөлекбаевтың тәрбиесін көрген жиен-немересі Қайрат Бисенғалиевке ерекше ризашылығымызды білдіреміз.
Мұғалім жолының мәртебесі
Меңдіболланың атасы Бөлекбай Құлжанұлы (1818-1905) – ел ішінде сый-құрметке ие, бақ-дәулеті тасыған, көреген кісі болған. Диқаншылықпен айналысып, кәсібі мұрап болғандықтан жергілікті жұрттың күнкөрісін жақсарту үшін су жүйесін жолға қойған. «Бөлекбай арығы» деп аталатын су арналары бүгінгі күнге дейін сақталған. Архив деректеріне сүйенсек, 1891 жылғы Қазалы уезі қазақтарының тізімінде оның ұлдары – Үмбет, Жамекеш, Ерімбет, Махамбет, Күзембай және Үрістем көрсетілген. Ақсақалдың немересі Ертас Күзембайұлы Бөлекбаевтың қолжазбасында Кәрібай, Ақын, Секен, Жақайым, Сексенбай, Жүсіп есімді балалары да аталады.
Бөлекбай қарт ұрпағының бағы біліммен ашылғанын қалап, 1902 жылы үш бірдей немересін – Үмбеттен туған Әбдіраманды, Күзембайдан туған Меңдіболланы және Жамекештен туған Меңдібайды Қазалы қаласындағы орыс-түзем мектебіне оқуға берді. Әбдіраман мектепті тәмамдай алмай, жастай дүние салды. Ал Меңдіболла айтулы қайраткерге айналды.
Меңдіболла Күзембайұлы 1889 жылғы 15 наурызда бұрынғы Түркістан генерал-губернаторлығының Сырдария облысына қарасты Қазалы уезі аумағында дүниеге келді. Әкесі Күзембайдың туған жылына қатысты екі түрлі дерек бар. Е.Бөлекбаевтың қолжазбасында әкесінің туған жылы 1870 жыл деп көрсетілген. Алайда архивтік құжатта, нақты айтқанда, «қайтыс болу туралы жазба актісінде» оның жасы 82-де деп жазылған. Осы ресми мәліметке сүйенсек, Күзембай Бөлекбайұлы 1850 жылы дүниеге келгенін біле аламыз. Ол 1933 жылы 31 шілдеде Алматыда өмірден озған.
Меңдіболла бала күнінен тұрмыс тауқыметін тартып, еңбекке ерте араласты. Өзінің өмірбаянында: «Мектепте оқыған уақытымда бір таныс қазақтың үйінде тұрдым. Айына 2 рубль беріп, сол үйдің нанын жеп, баспанасын паналадым. Алайда аз ғана ақы төлегенім үшін қосымша үй ішіндегі біраз жұмыстарды да атқаруға мәжбүр болдым. Жазғы демалыста шама келгенше бос жатпай, тігінші Хакомжанның қолында жұмыс істеп, айына 3 рубльдан табыс таптым», – деп еске алады.
Меңдіболла табандылығының арқасында 1906 жылы Қазалыдағы орыс-түзем мектебін ойдағыдай тәмамдап, қалалық үш сыныптық училищенің интернатына қабылданды. 1910 жылы училищені бітірген соң еңбек жолын бітістіруші соттың іс жүргізушісі қызметінен бастады. Бірақ жүрек қалауы басқа арнаға ұмтылып, күш-жігерін оқу-ағарту ісіне арнағысы келді. Сондықтан да 1914 жылы арнайы емтихан тапсырып, «халық мұғалімі» дәрежесін иеленеді. Сөйтіп, тағдырын ұстаздық жолмен ұштастырды.
Ол 1914-1917 жылдары орыс-түзем мектебінде қызмет етті. 1918 жылы қазанда Қазалы уездік халыққа білім беру бөлімі құрылып, оның төрағалығына А.Анкирский сайланса, сол айдың 22-сінде қабылданған қаулыға сәйкес Қазалы қаласындағы қазақ мектебінің мұғалімі болып Меңдіболла Күзембайұлы тағайындалды. 1920 жылға дейін бірінші басқыштағы мектепте мұғалімдік қылды. Партия қатарына қабылданып, Қазалы уездік халыққа білім беру бөліміне жауапты қызметке тағайындалды.
Мектептердің желісін кеңейтуге, оларды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге бас-көз болды. Егер 1911-1912 оқу жылында бүкіл уез бойынша (мұсылман мектептерін есептемегенде) бар болғаны 254 оқушы ғана білім алса, 1923-1924 оқу жылына қарай көрсеткіш 2 100 оқушыға жетіп, ағарту ісінде үлкен серпіліс байқалды. Сонымен қатар Қазалы қаласында қазақ тілінде қосымша мектеп ашылып, бастауыш білім беру ісін жолға қою үшін мұғалімдер даярлайтын арнайы курс ұйымдастырылды. Жетім балаларға арналған интернат ашылды. Мекеме «Балалар коммунасы» деп аталып, бұрынғы Ғанибай Хұсайыновтың ірі бағында орналасты. Ауылдық жерлерде, әр болыстың орталығында мектеп-интернаттар мен мектептер жұмыс істей бастады. «Қызыл отаулар» құрылып, тұрғындарға сауат ашу және саяси білім беру сабақтары өткізілді. Мұғалімдер даярлайтын курсты тәмамдап, ауылға оралған қазақтың жас оқыған азаматтары алғашқы ұстаздар легін қалыптастырды. Осыған орай, өлкетанушы Ақанжан Келімбетұлының «Меңдіболла Күзембаев» атты мақаласында Н.Жұбатұлы, Б.Өтепов, М.Қылышбаев, 1925-1928 жылдары Қазалы уездік комсомол комитетінің хатшысы болған Есмахан Ибрагимовтің естелігінде Ә.Ермекбаев, Х.Жомартов, З.Бәйімбетов, А.Файзуллин, С.Ахметов, Б.Қасқырбаев, А.Мүсірбаев есімдері аталады.
Меңдіболла Күзембайұлы шығармашылықпен де айналысқан. ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінде әлеуметтік теңсіздік пен әйел тағдыры өткір көрініс тапқаны белгілі. М.Дулатұлының «Бақытсыз Жамал», С.Торайғыровтың «Қамар сұлу», С.Көбеевтің «Қалың мал», Т.Жомартбаевтың «Қыз көрелік» сынды шығармаларымен Меңдіболланың 1918 жылы жазған «Бақытсыз қыз» пьесасы да үндес, сарындас деуге болады. Драмада өрімдей жас қазақ қызының еркінен тыс болысқа әйелдікке беріліп, оған көнбеген арудың ауылдан қашып, ақыры қыстың қақаған аязында адасып, үсіп өлгені жайлы трагедиялық оқиға суреттеледі. Меңдіболланың жақын жолдасы, көрнекті тілші-ғалым Шамғали Сарыбаев баспаға әзірлеп, хатқа түсірген «Бақытсыз қыз» пьесасының қолжазбасы бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақтаулы. Қазір әдеби мұраны араб графикасынан кирилл қарпіне көшіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айта кеткеніміз жөн.
Сонымен қатар М.Күзембайұлы Алаштың атақты басылымдары – «Бірлік туы», «Ақ жол» газеттерін тұрақты түрде оқып, баспасөз беттерінде ой-пікірін білдіріп, мақалалар жазған.
Ғани ғибраты – жетімдерге жанашарлық
Меңдіболла Күзембайұлының әсіресе жетім балаларға жасаған қамқорлығы ел есінде. Бұл ретте Е.Бөлекбаев өз естелігінде былай дейді:
«...Меңдулла Күзембаев өзі жас кезінде тюземный школаның интернатында тәрбиеленгендігінен бе, болмаса жастан кәсібі мұғалімдік болғанынан ба, әйтеуір интернат, детдом десе, балалар десе, жанын жалдауға риза еді.
Марқұм Ғани Мұратбаев Меңдулланың сол мінезін білгендіктен бе екен, әйтеуір Ташкенттен командировкіге келген сайын Меңдуллаға келіп өтініш айтатын: «Аға, сіз уисполкомның председателдігінен кетсеңіз де, оның президиум мүшесіз және уком партияға да мүшесіз. Қазалы интернатына көзіңді сала жүр, жәрдем бере жүр. Баста өзің ұйымдастырған интернат еді ғой. Балалардың халі нашар» дейтін. Содан әсер етті ме білмеймін, әйтеуір Меңдулла 1923 жылы Қазалыдағы жетімдер интернатына бір жақсылық істеді. Балаларды бір тойдырды, ол былай болды.
1923 жылдың күзінде Қазалы уезінің ірі байының бірі Өтеген Бостыбаев деген кісіге балалары «ас» жасады, уездің барлық еліне «сауын» айтылды. Ат жарыстың бас бәйгесіне 100 өгіз, бір күміс белбеу жариялады. Ат шабатын қарақшы 50 шақырымға белгіленді. Шақырылған күнге ел жиылды. Кешкі қонақасын жеп, ертеңіне барлық жұрт қарақшы төбенің басына шықты. Таң ата жіберілген бәйге аттарды күтті. Түс кезінде бәйге атының шаңы көрінді. Алдыменен екі ат қатар келді: оның бірі өлкеге аты шыққан жүйрік – Бурыл байтал Сыртынқара, екіншісі – Кәренейторы, бұл да атақты жүйрік (Бурыл байтал – шөмекей Төлеудікі, Торықасқа ат – шөмекей Айымқұлдыкы, Торы ат – шөмекей Кәренейдікі). Екеуі қатар келді де, бәйгесіне дау болды. Оның алдына кесе сызық тартып, оны бақылап тұрған кісі жоқ және 50 шақырым қарақшыдан құлақ теңесіп қатар келу бұрын болған емес. Атты алыстан жіберудің өзі де, талас болмас үшін, жалғыздап келу үшін болатын.
Екі жақ керілдесіп, таласып, сондағы ел билерінің, ақсақалдарының ортасына түсті, бұған қаладан келіп жүрген кейбір басшылар да қатысып тыңдап тұрды. Бұл даудың шешімін таба алмай сөз созыла бергесін Меңдулла Күзембаев ортаға шықты да ұсыныс жасады: «Атты қайта шаптыру, олар алыстан болдырып келді, келген кезде қайсысы алда оның тұмсығын теңгерген адам жоқ. Екі атқа бәйгені тең бөліп алысуға бұлар тағы көнбей тұр. Сондықтан ақсақалдар, ағалар! Осы жолғы олжаларыңды қаладағы жетім балалардың интернатына бағыштаңдар. Олар осы күндері аш-жалаңаш» деп сұрай бастады. Сол кезде көп ішінен біреу айқай салды: «Дауысқа сал, билер шешпегенді халық шешеді» деп.
Дауысқа қойып еді: «Интернатқа, интернатқа берілсін» деген дауыс у-шу қылды, қолдар да көтерілді. «Қарсы жоқ» деген кезде: уездің прокуроры орыс жігіті еді, әлгіні түсініп тұр екен, бір ауылсоветтің председатілін жеңінен тартып алып, анау ылдида тұрған өгіздерге қарай шаба жөнелді.
Мұнда Меңдулла протокол жазып, «Өгіздердің саны 100 бас интернаттың пайдасына қалдырылды» деп тиісті адамдарға қол қойдырып жатты. Сонда жүрген совет бастықтары мөрлерін басты протоколға.
Қаладағы интернатпен көрші отыратын Қарасақал Аяған дейтін кісіні шақырып, өгіздерді соған өткізді. Өгіздердің аман барып табыс болуын, бір ауылсовет пен прокурорға тапсырды. Өгіздер балалар пайдасына өтті».
Міне, Меңдіболла Күзембайұлы ел алдында балалар тағдырына осылайша жанашырлық көрсеткен.
Түркістан талқысы, аштықпен айқас
1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін патшалық биліктің жойылуы елдің қоғамдық-саяси өмірінде үлкен серпіліс туғызды. Осындай аласапыран тұста Меңдіболла Күзембайұлы жұрттың сеніміне ие болып, әуелі Қазалы уездік атқару комитетінің мүшелігіне сайланды да, көп ұзамай оның төрағасы болып бекітілді. Ел тағдыры талқыға түскен шақта ол әділ басшы, парасатты қайраткер ретінде танылды.
1918 жылғы 6-9 қаңтар аралығында Түркістан қаласында Сырдария облысы қазақ-қырғыздарының съезі өтіп, барлығы 82 делегат қатысты. Жиынға Алашорда үкіметінің атынан Бақыткерей Құлманов, Турағұл Құнанбаев және Міржақып Дулатұлы арнайы келді.
Съездің күн тәртібіне басты сегіз мәселе қойылды: 1) Қоқан және Орынборда болған съездер туралы баяндама; 2) Сырдария қазақ-қырғыздарын Алаш автономиясына қосу туралы; 3) Ұлт милициясы; 4) Сырдария облысындағы қазақ-қырғыз атынан Түркістан автономиясының Уақытша кеңесіне мүшелер сайлау; 5) Ұлт қазынасы; 6) Азық-түлік мәселесі; 7) Түрлі жақтан келген өкілдер баяндамасы; 8) 15-қаңтарда өтетін Түркістан аймағы шаруалары съезіне кісі сайлап жіберу.
Алғашқы мәселе бойынша баяндамалар тыңдалғаннан кейін, Сырдария қазақ-қырғыздарын Алаш автономиясына қосу мәселесі съез мінберінде қызу талқыланды. Делегаттар екіге жарылып, пікір қайшылығы анық байқалды. Жағдай ушығып кетпеу үшін зиялы қауым өкілдерінен арнайы комиссия құрылып, түйткілді мәселені қарау солардың құзырына берілді. Тараптардың пікірін екшеп, нақты шешімге келуді мақсат тұтқан комиссия өз жобасын ұсынды. Сонымен қатар Міржақып Дулатұлы да жеке жобасын ортаға салды. Ұсыныстар ашық дауысқа салынып, нәтижесінде, көпшілік дауыспен комиссия ұсынған жоба кейбір түзетулермен қабылданды.
Қабылданған қаулы мазмұны төмендегідей болды: 1) Сырдария облысы осы күні тегіс Түркістан автономиясы болғандықтан, әзірге Түркістан автономиясында қалады, 2) Алаш автономиясы жар қылып, Түркістанмен одақ болса, Сырдария қазақ-қырғызы сол күннен бастап Алаш автономиясына қосылады, 3) Сырдария қазақ-қырғызы қосылғанда Алаш астанасы Түркістан шаһары болады, 4) Сырдария Алашқа қосылғанда Түркістан құрылтайына сайланған өкілдер Алашорданың сайлау жобаларына тура келсе, Алаш құрылтайына да өкіл болып сайланады, 5) Осы съезде болған қаулылар Түркістан құрылтайына сайланған өкілдерге наказ (аманат) болады.
Съез барысында Түркістан Уақытша ұлт кеңесіне өкілдер сайлау мәселесі де қаралып, ел сенімін арқалауға лайықты тұлғалар бір ауыздан таңдалды. Делегаттар сенім білдіріп, Ақмешіттен – Мұстафа Шоқай, Әулиеатадан – Әзімхан Кенесарин, Шымкенттен – Сейітжаппар Байсейітов, Ташкенттен – Әлмұхамед Көтібаров, Түркістаннан – Дәулетбар Алтынбаев сынды ел ардақтылары қатарында Қазалы уезінен – Меңдіболла Күзембайұлы ұсынылды.
1918 жылы Қазалы өңірі ауыр ахуалды бастан өткеріп, халық алапат аштықтан әбден қалжырады. Осындай сәтте Меңдіболла Күзембайұлы ел тағдырына немқұрайды қарамай, көп іс тындырды. Бұл туралы оның досы Шамғали Сарыбаевтың өмірі арқау болған Берқайыр Аманшиннің «Тарбақа тойы» атты очеркінде баяндалады. Онда Меңдіболланың ерен еңбегі нақты оқиғалар арқылы сипатталады.
Жұртты аштық құрсауынан құтқару мақсатында Ғани Мұратбайұлы, Шамғали Сарыбаев, Меңдіболла Күзембайұлы және Ғизатолла Сайдузов бас қосып, мән-жайды бірлесе талқылайды. Ғани Мұратбайұлы жағдайды жан-жақты саралап, әрқайсысына нақты міндеттер жүктеп, жұмысты жүйелі түрде үйлестіреді. Сол жылғы 16, 28 және 31 қаңтар күндері Қазалы қаласындағы мешітте бірнеше мәрте жиын өтіп, оған қаланың белді, ықпалды азаматтары қатысты. Меңдіболла халықты аштықтан аман сақтап қалудың бірден-бір жолы – қайырымдылық екенін айтып, ауқаттыларды үнсіз қалмауға, жәрдем беруге үндеді. 28 қаңтар күні өткен жиында «Аштарға жәрдем комитеті» құрылып, оның құрамына 20 адам сайланды. Комитет төбе ағасы орынбасарын, хатшысын және қазынашыларын белгілеп, нақты іске кіріседі. Қолда бар тарихи деректерге сүйенсек, төбе ағасына – Меңдіболла Күзембайұлы, хатшылыққа – Шамғали Сарыбаев, ал мүшелердің бірі ретінде – Әшірбек Пұсырманов тағайындалған. Комитет ең алдымен қала ішіндегі ахуалды жіті бақылауға алады. Алғашқы санақ нәтижесінің өзінде-ақ 585 адамның аштық шегінде екені белгілі болады. Меңдіболла Күзембайұлы басқарған комитет халыққа қол ұшын созған азаматтарға тәңірі жарылқасын айтып, олардың аты-жөндерін Мұстафа Шоқай негізін қалаған «Бірлік туы» газетінің кезекті үш санында арнайы жариялатады.
Ел басына күн туған күрделі кезеңде Меңдіболла достыққа адалдығын көрсетті. Шамғали Сарыбаев жұқпалы оба ауруына шалдыққанда, оны дәрігер жалдап емдетіп, отбасымен бірге күтім жасап, ажал аузынан аман алып қалады.
Қажырлы қызмет, жазықсыз жаза
1920-1923 жылдар аралығында Меңдіболла Күзембайұлы Қазалы уездік атқару комитетінің төрағасы, кейін жауапты хатшысы қызметтерін атқарды. 1923 жылы су аймағының меңгерушісі болып тағайындалған сәтте де азаматтық қағидатынан айныған жоқ. Қазалы уезінің ауыл шаруашылығы мүшкіл халде болатын. Халық сырттан тасымалданған астықпен күн көріп, қыста қарақалпақтың жүгерісін, жазда Ырғыздың қызыл тарысын азық етті. Жергілікті егіс өнімдері халықтың он пайызын да қамтамасыз ете алмады. Өйткені инженерлік әдіспен қазылған бірде-бір су арнасы жоқ-тын. Егіншілер әркім өз білгенімен арық қазып, нәтижесінде шаруа еңбегі жиі желге ұшатын.
Міне, осы кезде Меңдіболла Күзембайұлы өңірде магистралдық каналдар қазу ісін жолға қойды. Ол егістікке су жеткізудің тиімді жолдарын қарастырып, нақты іскерлік қадамға барды. Жоба тізгінін бас гидротехник, мелиоратор Оңдаш Мереевке жүктеп, ортақ іске басшылық жасады. «Қарарық» каналына – Жөнелдік (Тоғыс руынан), Омар (Нұрбай руынан), Ілияс (Көбек руынан), Бегалы (Қалыбай руынан), «Ішкіарыққа» – Қарабатыр Дөңесов (Қарамырза руынан), Жанкүшік (Бәсібек руынан), Ерімбет (Есімбек руынан), «Жаңаарыққа» – Мақан (Жиеней руынан), Қанатбай (Қожамұрат руынан), Избамбет (Жолшара руынан), «Қарлаңға» – Алдасүгір (Баймырза руынан), Әлназар Өтепов (Үсен руынан), Есмағамбет (Қожамберлі руынан), Күнберген (Мәметек руынан), «Басықараға» – Досжан Тұяқбаев (Домақ руынан), Құдайберген Әлмағамбетов (Қаракесек руынан), Ноғай Ерлепесов (Бабақ руынан, мемлекет қайраткері Мұхамеджан Ерлепесовтің әкесі), Медет (Жалаң руынан) секілді атпал азаматтарды жұмылдырды. Нәтижесінде, бес ірі канал қазылды. Ауыспалы егіс жүйесінің арқасына шамамен жиырма мың гектар жер суландырылып, ауыл шаруашылығы саласына тың серпін берді.
Меңдіболла Күзембайұлы 1924 жылы Ташкентке шақырылып, басшылық лауазымға тағайындалды. 1926 жылға дейін Қазақ өлкелік шикізат дайындау басқармасының төрағасы ретінде аймақтың экономикалық іргетасын қалыптастыруға күш салды. 1924 жылы 6 қарашада жауапты қазақ қызметкерлерінің қатысуымен өткен РК(б)П ОК Қырғыз (Қазақ) бюросы отырысында Өлкелік тарату комиссиясының жұмысы қаралды. Талқылау нәтижесінде комиссия құрамына С.Асфендиаров, М.Күзембайұлы және Е.Аралбаевты енгізу туралы шешім қабылданды. 1925 жылы 1 сәуірде ҚАКСР Халық шаруашылығы орталық кеңесі коллегиясының құрамы ресми түрде бекітілді. Коллегия төрағасы болып Меңдіболла Күзембайұлы тағайындалды. Осы жылдың 15-19 сәуір аралығында Ақмешіт қаласында өткен Қырғыз (Қазақ) АКСР Кеңестерінің V съезіне шешуші дауыспен қатысты. Сырдария облыстық Кеңестері съезінің делегаты, І Сырдария губерниялық партиялық конференциясының делегаты, V сайланған ҚазОАК мүшесі (1925-1927) болды. 1926-1928 жылдары Мәскеуге шақыртылып, Автокөлік басқармасының төрағасы және кооперативтік мәселелер жөніндегі уәкілетті өкіл ретінде жұмыс істеді. 1929-1930 жылдары Округтік сауда бөлімінің меңгерушісі, сонымен бірге «Окрживсоюз» мекемесінің төрағасы қызметтерін атқарды. 1930-1931 жылдары Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық атқару комитетіне төрағалық етті. 1931 жылы ақпан-қыркүйек айларында Халық жабдықтау комиссариатының инспекторы ретінде елді азық-түлікпен қамтамасыз ету ісін жүйелеуге атсалысты. Кейін, 1933 жылға дейін Мемлекеттік сапа инспекциясы басқармасының басшысы ретінде өндірілетін өнімдердің сапасына жауап беріп, тұтынушы мүддесін қорғау ісінде де адалдығын көрсетті. 1936 жылы 2 қазанда Қастек қой кеңшарының директоры болып тағайындалғанымен, арада бір ай өтпей, 15 қарашада шешімнің күші жойылып, Өлкелік мұнай өткізу басқармасы басшысының бірінші орынбасары қызметіне кірісті. 1937 жылы 3 наурызда Қазақ гидрометеорологиялық қызмет басқармасы басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды.
Бірақ есіл азамат сталиндік қуғын-сүргінге ұшырап, 1938 жылдың 7 наурызында ату жазасына кесілді. Тұлғаның артында жары Степанида Лаврентьевна Күзембаева мен жалғыз ұлы Абай қалды. Ана мен бала Алматыдағы баспанасынан қуылып, амалсыздан қала шетінен жертөле қазып, жан сақтауға мәжбүр болды. Степанида көп ұзамай ауыр дертке шалдығып, өмірден озды.
1958 жылғы 6 мамырда КСРО Жоғарғы Сотының Әскери коллегиясының шешімімен Меңдіболла Күзембайұлы ақталды. Зобалаң жылдардың әділетсіз үкімі жойылып, тарихи тұлғаның есімі халқымен қайта қауышты. 1963 жылы 27 тамызда Е.Бөлекбаев ағасының атын мәңгі есте қалдыру мақсатында туған жері Бекарыстан би ауылының батыс жағындағы биік қыратқа ескерткіш белгі орнатты. 1970 жылғы 20 тамызда Қазалы көшелерінің біріне М.Күзембайұлының есімі берілді.
Әкеден ерте айырылған Абай Меңдіболлаұлы тағдыр тәлкегіне мойыған жоқ. Ерте есейіп, өмірдің сынағына қарсы тұра білді. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Алматыдағы зауытта токарь болып еңбек етті. Одан оң түрлі кәсіпорындарда үздіксіз жұмыс істеп, адал еңбегімен көзге түсті. Үшінші дәрежелі «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Ол 2021 жылы 4 наурыз күні 95 жасында Алматы қаласында дүние салды. Ұрпақтары Ресей Федерациясының Краснодар қаласында өмір сүріп жатыр.
Көрнекті қайраткер Меңдіболла Күзембайұлының тұлғасы ел есінен шықпағаны абзал. Оның қызмет жолы басталған Қазалы қаласындағы білім ордаларының біріне есімін беру бүгінгі ұрпақтың өткенге деген тағзымы, ардақты азаматтың ерен еңбегіне берілген әділ бағасы болмақ деп ойлаймыз.
Рамазан ӘБІЛДОС,
«Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінің
ғылыми қызметкері