Астана қаласында Конституция күніне орай SARAP эксперттік клубының отырысы өтті. Қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырған іс-шараға мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам өкілдері, сарапшылар мен ҮЕҰ мүшелері қатысты.
Жиында «Заң мен тәртіп» қағидасының жүзеге асуы, қоғамның құқық сауатын арттыру жолдары, осы саладағы реформалар, сондай-ақ Қазақстанда кемсітпейтін орта құру мәселесі талқыланды.
Отырыстың алғашқы бөлімінде Қазақстандық қоғамдық даму институты Қоғамдық үрдістерді зерттеу орталығының басшысы Риззат Тасым:
– Мемлекет басшысы былтырғы Қазақстан халқына Жолдауында «Заң мен тәртіп» қағидатына айрықша тоқталса, жыл басында «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында «Заң мен тәртіп» қағидаты – шын мәнінде кемел демократияның тірегі, құқықтық мемлекеттің негізі. Сондықтан біздің міндетіміз – бұл қағидатты еліміздің құндылықтар жүйесіне барынша кіріктіріп, халық болмысының, қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру» деген болатын. Сондықтан Конституция күні қарсаңындағы SARAP жиынын құқық жүйесінің дамуы, әділеттілік пен теңдік қағидаттарының нығаюы, сондай-ақ елімізде кемсітпейтін орта құруға қатысты негізгі мәселелерді кәсіби және ашық форматта талқылауға арнап отырмыз, – деді.
ҚР Президентінің Іс басқармасы жанындағы Парламентаризм институтының Нормативтік құқықтық актілер мониторингі және халықаралық тәжірибе орталығының басшысы Меруерт Қабылбаева «Құқық сауатының негізі – заңнаманы базалық деңгейде түсіну» деп атап өтті.
Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Құқықтық және ұйымдастыру-талдау жұмысы бөлімінің бас инспекторы Әлия Төлегенқызы конституциялық реформалардың демократиялық қағидаттарды нығайтудағы маңызы туралы баяндама жасады.
Сондай-ақ арнайы баяндама жасаған медиа-сарапшы, «Құқықтық медиа-орталық» ҚҚ директоры Диана Окремова ҮЕҰ қызметін реттеудегі негізгі проблемалар мен мүмкіндіктерді атап өтсе, MNU қауымдастырылған профессоры, заң ғылымдарының PhD докторы Мүслім Хасенов кемсітетін ортаға қарсы заңнаманы әзірлеуге арналған ғылыми тәсілдерді ұсынды.
Ал отырыстың екінші бөлімін Қазақстандық қоғамдық даму институтының қолдауымен Қазіргі заманғы саясат институты ұйымдастырды. Бұл талқы «Адам құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық стандарттарды Қазақстан Республикасының заңнамасына енгізу» (кемсітпеу, ой еркіндігі, ар және дін бостандығы, азаптаудың алдын алу және күресу мәселелері туралы) жобасы аясында ұйымдастырылды. Сарапшылар діни сенім бостандығы, діни қызметті жүйелі түрде реттеу, радикалданудан сақтану және азаматтарды діни сеніміне және басқа да сипатына қарай кемсітуге қарсы іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Сәтпаев қаласындағы «Агапе» елулік шіркеу жергілікті діни бірлестігінің басшысы, дін саласындағы сарапшы Сергей Самохвалов жергілікті деңгейдегі діни қауымдастықтың қызметі туралы баяндама жасады.
BasQary қорының жетекшісі Марғұлан Ермағанбетұлы ҮЕҰ мен діни бірлестіктерді тіркеу, миссионерлік қызмет, сондай-ақ қазіргі заман талаптарына сәйкес дін туралы заңнаманы жаңарту қажет деген мәселе көтерді.
«Қарағанды облысының Азаматтық Альянсы» қауымдастығының президенті Дмитрий Полтаренко Қаңтар оқиғасынан кейін қабылданған азаптауға қарсы шараларға тоқталып, құқық қорғау және пенитенциарлық жүйелерде одан әрі реформалардың қажет екенін атап өтті.
Қазіргі заманғы саясат институтының заңгері Азамат Бишенов азаматтарды дініне қарай кемсіту, діни киім кию және діни мазмұндағы материалдарға сараптама жүргізу нормаларын нақтылаудың маңызын айтты.
Қатысушылар Қазақстанда заң үстемдігін орнату, кемсітпейтін орта құру және адам құқықтарын қорғау мәселелерін талқылады. Іс-шара соңында мұндай жиындар демократия қағидаттары мен құқық реформаларын жетілдіруге арналған практикалық ұсынымдар әзірлеуге және мемлекет пен азаматтық қоғам серіктестігін нығайтуға оң ықпал ететіні айтылды.