Кеше Павлодар қаласында «Адал азамат – әділетті қоғамның тірегі» тақырыбында Өңірлік азаматтық форум өтті. Жиынның мақсаты – азаматтардың белсенділік институтын нығайту және адалдық құндылықтарын орнықты дамудың негізі ретінде насихаттау, деп хабарлайды turkystan.kz.
Іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» қауымдастығы, үкіметтік емес ұйымдар, жастар бірлестіктері, қоғамдық кеңестер, сарапшылар және азаматтық қоғамды дамытуға мүдделі басқа да азаматтар жиналды.
Форумды өңір басшылығы мен ұлттық азаматтық институттар өкілдері салтанатты түрде ашты. Басқосуға жиналғандар әділетті қоғамның негізі – азаматтардың рөлі, жергілікті өзін-өзі басқару, қоғамдық бақылау мәселелері мен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тетігін жетілдіру бағыттары жайында сөз қозғады.
Бұдан әрі жұмыс екі секция бойынша жалғасты. Онда жергілікті өзін-өзі басқару және қоғамдық бақылау мәселелері талқыланып, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірленді. Форум қорытындысы бойынша еркін микрофон форматында ашық диалог ұйымдастырылып, белсенді азаматтар мен ҮЕҰ өкілдері марапатталды.