Абай облысы Үржар ауданына қарасты Бестерек ауылында жол апатынан қаза болған үш баланы туғандары ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Жетінші арнаға сілтеме жасап.
Телеарна тілшісінің хабарлауынша, бір үйдің екі қызын Жарма ауданының Жалғызтөбе ауылында жер қойына тапсырса, екі жарым жастағы ұл баланы Елтай ауылында жерледі.
Қаралы жиынға туған-туыс, ауылдастары және әкімдік өкілдері қатысты. Бірақ дәл осы сәтте анасы кенжесімен қоштаса алмады. Оқыс оқиғадан аман қалған Астанада екі баласының қасында болды. Олардың жағдайы қалыпты деп бағалағанымен, жансақтау бөлімінде жатыр.
Ал туған сіңілілерінен айырылған тағы бір тоғыз жастағы бала аудандық ауруханада жатыр. Дәрігерлер оның жағдайы әзірге еш өзгеріссіз екенін айтуда.
«Бас миына трепанация отасы жасалды. Қазіргі кезде жағдайы тұрақты ауыр. Әлі ешқандай өзгеріс жоқ. Бірқалыпты. Жасанды тыныс алу аппаратында. Қазіргі кезде күтуден басқа амал жоқ. Ешқандай болжам айта алмаймыз», - деді телеарна тілшісіне аудандық аурухана басшысының орынбасары Мадина Ноғайбаева.
Ал күдікті қамауда. Оның ұлы әкесінің денсаулығы нашар екенін айтады.
«Мен әкемді әлі көрген жоқпын. Денсаулығы нашар, бірақ қамауда. Адам танымайды. Өйткені жүрек талмасы ұстаған. Оқыс жағдай қас-қағым сәтте болған. Өте қайғылы жағдай болып жатыр. Көңіл айттық, олардан кешірім сұраймыз», - деді көлік жүргізушісінің ұлы.
Еске сала кетейік, 19 шілдеде Абай облысында жол-көлік оқиғасынан үш бала көз жұмып, тағы үшеуі түрлі жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. Сол күні түнде президенттің тапсырмасы бойынша оқиға орнына бортында дәрігерлер бар Қорғаныс министрлігінің ұшағы жіберілген болатын.