Жасымық сорпасының 5 пайдасы

21 тамыз, 2025 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Жасымық – ежелден адам тағамында кеңінен қолданылған бұршақ тұқымдас дақыл. Одан дайындалған сорпа жеңіл әрі қоректік құндылығы жоғары тағам болып саналады. Дәрігерлер мен диетологтар жасымық сорпасын күнделікті ас мәзіріне қосуды жиі ұсынады, осы ретте turkystan.kz жасымықтың ең басты 5 пайдасы туралы мәлімет жинап көрді.

Ағзаға қажетті ақуыздың көзі
Жасымықта өсімдік тектес ақуыз мол. Бұл оны еттің орнын басатын өнімдердің бірі етеді. Әсіресе вегетариан немесе ораза ұстаған адамдар үшін жасымық сорпасы таптырмас тағам. Ақуыз бұлшық етті, сүйек пен теріні нығайтады.

Қан құрамын жақсартады
Жасымық темірге бай. Темір тапшылығы анемияға алып келетінін ескерсек, жасымық сорпасы қан айналымын жақсартып, шаршаңқылықты азайтуға көмектеседі. Сонымен қатар құрамындағы фолий қышқылы жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алады.

Ас қорытуға пайдалы
Жасымық талшыққа (клетчатка) бай болғандықтан ішектің жұмысын реттейді, ас қорытуды жеңілдетеді. Бұл тағам семіздік пен қант диабетінің алдын алуға ықпал етеді.

Иммунитетті күшейтеді
Жасымық сорпасының құрамында мырыш, селен және антиоксиданттар бар. Олар ағзаның қорғаныш қабілетін арттырып, әртүрлі инфекцияларға қарсы тұруға көмектеседі. Қыста жылы жасымық сорпасын ішу тұмау мен суық тиюдің алдын алады.

Салмақ тастауға көмектеседі
Жасымық сорпасы тойымды болғанымен, калориясы төмен. Ол ұзақ уақыт тоқтық сезімін сақтап, артық тамақтанудан сақтайды. Сондықтан арықтағысы келетіндер үшін өте тиімді тағам.

Тэгтер:

тағам пайда дұрыс тамақтану жасымық