«Пәтерге кіргізбеген»: Атырауда қараусыз қалған балалар табылды

Бүгін, 10:49 / Інжу Әлихан
Atyrau ONLINE

Желіде атыраулық 14 жастағы жасөспірімнің үйіне кіре алмай, көшеде жатқан сәті суреті жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Atyrau ONLINE телеграм арнасына сілтеме жасап.

Куәгерлердің айтуынша, оны ересектерге тамақ пен темекі әкелуге мәжбүрлеген. Бас тартқан жағдайда пәтерге кіргізбеген.

Бұл отбасында сондай-ақ 3 жастағы қыз бала да бар. Тұрғындардың сөзінше, анасы алкогольге әуес болған, ал оның ағасы жұмыс істемейді. Пәтерге жиі мас күйіндегі бөгде адамдар келіп, балалар қараусыз қалған. Көршілер бұл жағдайдан хабардар болса да, ұзақ уақыт бойы араласпаған.

Атырау облыстық полиция департаменті екі баланың да отбасынан алынғанын растады.

 «14 жастағы жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына, ал оның 3 жастағы қарындасы бөбектер үйіне орналастырылды. Ата-аналары балаларға жауапсыз қарап, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген», – делінген полиция мәлімдемесінде.

Ведомствоның мәліметінше, бұл ата-аналар былтыр да ата-ана міндетін тиісті деңгейде орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Қазіргі таңда іс материалдары кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жолдауға дайындалып жатыр. Онда оларды ата-ана құқығынан айыру мәселесі қаралады.

Тэгтер:

Атырау Көше Балалар