Астана Опера» әртістері Қытайдан жеңіспен оралды. Театрдың жетекші солисі Диас Құрманғазы мен жас хореограф, солист Сұлтанбек Ғұмар Ляониндегі (Шэньян) балет әртістерінің бірінші халықаралық байқауында марапаттарға ие болды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Байқау 10 елден келген 400-ден астам қатысушыны біріктірді, ал қазылар алқасының құрамында әлемдік сахнада танылған 20 шебер жұмыс істеді. Диас Құрманғазы үздік орындау үшін, ал Сұлтанбек Ғұмар үздік хореография үшін жүлдегер атанды.
Шэньян сахнасында Диас Құрманғазы өзінің серіктесі Камила Шахмановамен бірге П.Чайковскийдің «Жаңғақ шаққыш», Р.Дригоның «Талисман» балеттерінен үзінділерді және Сұлтанбек Ғұмардың қойылымындағы «Аңсау» нөмірін орындады. Соңғы қойылым бағдарламаның көркіне айналып, қазылар алқасы тарапынан әртістердің пластикасы, нөмірдегі музыкасы жоғары бағаланып, басқа қатысушылардың бірсарынды билеріне ұқсамайтынын атап өтті. Классикалық нөмірлер бойынша әртістермен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рүстем Сейітбеков жұмыс істеді.
Қойылымның музыкасын көркемдеген «ХасСақ» этно-фольклорлық тобының композициясы болды. Хореографтың айтуынша, қойылымның аз уақыт ішінде пайда болуына да осы музыка әсер еткен.
Бұл марапаттар қазақстандық балет мектебінің халықаралық беделіне қосылған елеулі үлес болды. «Астана Опера» үшін мұндай байқаулар жоғары дайындық деңгейін көрсетуге, әлемдік балеттің жетекші өкілдерімен шығармашылық байланыстырды нығайтуға және Қазақстандағы бишілердің жаңа буынын шабыттандыруға мүмкіндік береді.