Алаяқтарға алданып қалған профессор Какен Қамзиннің баспана мәселесі шешілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл туралы журналист Нұрболат Адырбек әлеуметтік желіде жазған.
«Бүгін 1,5 ай жыр мен уайым болған алаяқтарға алданып, пәтерінен айырылып қала жаздаған профессор Какен Қамзин ұстазымыздың мәселесі біржақты шешілді. Түске дейін нотариуске барып, елден жиналған қаражатпен пәтерді сатып алушылармен қайта есептесіп, ағайдың баспанасын өз атына рәсімдедік. Артынан ағайдың қызы Әселдің шәйін ішіп, қарияның ақ батасын алып қайттық. (Бізге одан артық не керек). Осы ретте бірінші күннен бастап ағайдың қасында бірге болған Думан Бықай, Думан Смаков, Ербол Азанбек, Арман Әубәкір, Айбар Олжай, Нұрсейіт Жылқышыбай т.б әріптес бауырларға алғыс айтамын. Негізгі ең үлкен алғысты ағайдың жағдайын айтып жазған посттарымызды қолдап, қуаттап отырған осы жердегі оқырмандарымызға айтқымыз келеді. Сіздердің әрбір жылы сөздеріңіз бен салған 500, 1000 теңгелеріңіздің өзі осы істің оңынан шешілуіне үлкен көмек пен қолдау болды. Баршаңызға Алла разы болсын! Ең әуелі абырой берген Аллаға мың қайтара шүкір! Осы 1,5 ай ішінде жақсы да сөз естідік жаман сөз бен «түрлі-түсті» пікірді де құлағымыз шалып қалып жатты. Бірақ, бәрімізде бастаған істі аяғына дейін жеткіземіз деген бір ғана мақсат болды. Сол ниетке жеткізген жаратушы, құдіреті шексіз, Аллаға Мың қайтара шүкірлік айтамыз! Баршамызға тек қуанышты күндер нәсіп болсын!», - деп жазды Нұрболат Адырбек.