Жезқазғанда білім басқармасының басшысы 8 жылға сотталды

Бүгін, 17:30 / Інжу Әлихан
gov.kz

Жезқазған қалалық соты бюджет қаржысын аса ірі көлемде жымқыру ісі бойынша үкім шығарды. Айыпталушылар қатарында Ұлытау облысы білім басқармасының басшысы, оның орынбасары және бас бухгалтер, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сот материалдарына сәйкес, 2022-2023 жылдары басқарма басшысы қызметтік өкілетін пайдаланып, екі адамды жалған түрде жұмысқа қабылдап, оларға заңсыз жалақы тағайындаған. Бұдан бөлек, ол өз орынбасарымен және бухгалтерімен бірге бюджет қаражатын сыйақы ретінде заңсыз бөліп отырған. Сыйақының бір бөлігі басқарма басшысының өзіне және басқа да айыпталушыларға берілген.

Бас бухгалтер іс жүзінде болмаған іссапарлар мен тұрғын үй жалдау шығындарына төлем рәсімдеген. Басшының орынбасары да негізсіз қаражат алған. Мемлекетке келген залалдың жалпы көлемі – 93,2 миллион теңге.

Айыпталушылардың бірі кінәсін толық мойындамаса, екіншісі тек ішінара келіскеніне қарамастан, соттағы айғақтар олардың кінәсін дәлелдеді. Нәтижесінде басқарма басшысы мен орынбасары сегіз жылға бас бостандығынан айырылып, мемлекеттік қызметте өмір бойы лауазым иелену құқығынан айырылды. Олар сот залында қамауға алынды.

Бас бухгалтер де кінәлі деп танылды, алайда оның қайтыс болуына байланысты іс тоқтатылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Тэгтер:

Сот Жезқазған жымқыру Ұлытау облысы Білім басқармасы