"Желіде танымал болғым келді": Бес ай бойы 5 жұлдызды қонақүйде достарымен тұрып, жалған чек көрсеткен астаналық сотталды

Бүгін, 17:00 / Дана Ізтілеуова
gov.kz

Астанада 5 ай бойы достарымен бес жұлдызды қонақүй бөлмелерінде тұрып, қымбат мейрамханаларда кешкі ас ішіп, дәмді тағамдарға тапсырыс беріп, элиталық ерлер киім дүкендерінен киім-кешек сатып алып, банк атынан расталмаған төлем тапсырмаларын берген тұрғын сотталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Астана прокуратурасының мәліметінше, жәбірленушілер өз кезегінде төлем құжаттарының түпнұсқасын тексермей, оған тауарлар мен қызметтерді көрсеткен.

Сотталушы төлем құжаттарын банктік қосымша арқылы жіберген, бірақ іс жүзінде шотта қаражат болмаған.

Мысалы, алаяқ қонақүйде бөлмелерді брондап, бірнеше күн бойы достарымен бірге тамақ пен сусынға тапсырыс беріп, тұрақтаған. Қонақ үй қызметкерлерін алдау және сеніміне қиянат жасау арқылы ол жоғарыда аталған төлем тапсырмаларын берген. Оның қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде жәбірленушіге 4,4 млн теңге көлемінде ірі мөлшерде материалдық шығын келтірілген.

Ақшаның түспегенін білген жәбірленушілер құқық қорғау органдарына хабарласқан.

Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, алаяқтыққа әлеуметтік желілерде танымал болу үшін барғанын, ол жерде өзін табысты кәсіпкер ретінде көрсетіп, суретін жариялағанын көрсетті.

Келтірілген шығынның жалпы сомасы – 8 млн теңгеден астам.

Сотталушы 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Келтірілген материалдық шығын өндірілді.

 Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Тэгтер:

астаналық желіде танымал болу 5 жұлдызды қонақүй