Жолаушылар ұшағынан табылған жылан рейсті 2 сағатқа кешіктірді

20 тамыз, 2025 / Ербұлан Қайрат
сурет: Mark Pelley

Австралияда жолаушылар ұшағының жүк бөлімінен жылан табылып, рейс екі сағатқа кешіктірілді. Virgin Australia әуе компаниясының VA337 рейсі Мельбурннан Брисбенге ұшуға дайындалып жатқанда ұшақтың жүк бөлігінен жылан байқалған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жыланды ұстап алу үшін шақырылған маман Марк Пелли алғашқыда оны улы болуы мүмкін деп ойлаған. Қараңғы жүк бөлімінде жылан панельдің артында жасырынғандықтан, ол кез келген сәтте ұшақтың ішіне өтіп кетуі мүмкін еді.

«Бір-ақ мүмкіндік болды. Егер жылан тереңге кіріп кетсе, оны табу үшін бүкіл ұшақты бөлшектеуге тура келер еді», – дейді Пелли.

Маман бірден оны ұстап үлгерген. Кейін белгілі болғандай, бұл ұзындығы 60 сантиметр болатын жасыл ағаш жыланы улы емес болып шыққан. Дегенмен қауіпсіздік мақсатында жолаушылар эвакуациялануы мүмкін жағдайға дайын болған.

Карантин ережелеріне сәйкес, ұсталған жыланды табиғатқа қайта жіберуге рұқсат жоқ. Қорғалатын түр болғандықтан, ол Мельбурндағы ветеринарға тапсырылып, лицензиясы бар жылан асыраушыға берілмек.

Тэгтер:

Жолаушылар Рейс жылан