Қазақстандық волейболшы Сабина Алтынбекова әлеуметтік желідегі парақшасында кәсіби спорттағы қиын да, қызықты жолы туралы ойын бөлісті, деп жазады turkystan.kz 1bol.kz-ке сілтеме жасап.
"Бір кездері кіп-кішкентай ғана Сабина спортзалға жаяу баратын, себебі автобус жанынан тоқтамай өте шығатын.
Әрдайым жаттығуға ерте келіп, соңынан кететінмін. Маған талай рет: "Бұл сенің қолыңнан келмейді, қарашы, добың тіпті торға да жетпейді" дейтін. Бірақ мен тынымсыз еңбектеніп, соңына дейін күрессем, мақсатыма жететінімді білдім.
Жолымда түрлі адамдар кездесті: арасында пейілі нашары да, қызғанышқа толы көзқарас та болды. Жаратқан менің адалдығым мен еңбекқорлығымды көріп, бір күні маған ерекше мүмкіндік сыйлады. Сол сәттен бастап қызғаныш та, қысым да арта түсті. Сол секілді қолдаушыларым да көбейді. Бірі менің қадірім мен еңбегімді барынша жоққа шығаруға тырысса, енді бірі ақылға салып: "Ештеңе жайдан-жай болмайтынын" түсінді.
Маған ешқашан ақша да, атақ та, марапат та маңызды болған емес. Бар болғаны сүйген ісіммен айналысуды тоқтатқан емеспін. Маған ешкім сенген жоқ, бірақ өз-өзіме деген сенім мені алға жетеледі. Қалған дүниелер мені алаңдатқан емес.
Нәтижесінде шетелдік клубтардан тиімді келісімшарттар алдым. Кей командаларда капитандық қызмет те атқардым. Әдетте спорт әлемінде шетелден келген спортшыға капитандықты сеніп тапсыра бермейді. Бірақ өмірде мүмкін еместің өзі мүмкін. Біреулер мұны тек "сәттілік" деп ойлайтын шығар, мейлі, бірақ мен үшін өз жолымнан таймау маңызды. Өйткені рухы мықты адам ешқашан қиындық пен сынақтан қорықпайды", - деп жазды Алтынбекова.
Айта кетейік, былтырғы қазан айында отандық спортшы Индонезияның "Иога Фэлконс" клубымен келісімшартқа қол қойған болатын. Биыл аталған команда елінің Про-лигасында алғаш рет бақ сынайды. Алтынбекова қазір өз клубының капитаны.