Қазақстанда жалған құжатпен 140 несие рәсімделгені анықталды

Бүгін, 15:01 / Інжу Әлихан
ҚМА

Алматыда «Comfort Time» компаниясының және оған байланысты басқа да фирмалардың басшылары алаяқтық жасады деген күдікпен тергеліп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, қылмыстық схеманың ұйымдастырушылары бірқатар заңды тұлғаларды тіркеп, солар арқылы несие алуды көздеген. Алайда іс жүзінде еңбек қатынастарында болмаған азаматтардың атына жалған зейнетақы аударымдарын рәсімдеген.

Салдарынан қарыз алушылардың табыстары мен төлем қабілеттілігі туралы жалған деректер қалыптастырылып, банктер соның негізінде несие рәсімдеген.

«Аталған заңсыз қызмет үшін ұйымдастырушылар қарыз алушылардан берілген соманың 10 пайызына дейін «сыйақы» алып отырған.

Көп жағдайда несие алушылар басынан банк алдындағы міндеттемелерін орындаудан жалтарған.

Аталған қылмыстық схема аясында 399 млн теңге сомасына қайтарылмай қалған 140 несие алынған. Көбіне қарыз алушылар қатарында жұмыссыз азаматтар немесе теріс несие тарихы бар тұлғалар болған», - делінген хабарламада.

Мұндай фактілер Астана, Алматы, Шымкент қалалары, Жетісу, Абай, Маңғыстау, Жамбыл және Ақтөбе облыстарынад анықталды.

 Айта кету керек, аталған схемалар халықтың қарызға бату мәселесін одан сайын күрделендіреді, себебі қарыз алушылар бірден бірнеше банктен мақұлдауын алып, салдарынан олардың қарыз жүктемесі еселеп өседі.

Тэгтер:

қарыз несие банк Алматы Зейнетақы Comfort Time