Мәжіліс депутаты Алакөл жағалауындағы жағдаймен танысты

Бүгін, 12:49 / Інжу Әлихан
Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болат Керімбек Жетісу облысына жұмыс сапары аясында Алакөл көлінің жағалауындағы демалыс орындарының қазіргі жағдайымен танысты. Жетісу облысы құрылғаннан бері Алакөл ауданына 4,8 млн астам турист келген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Депутат коммуналдық жағажай мен бірқатар туристік нысанды аралап, инфрақұрылым мәселесіне назар аударды. Атап айтқанда, санитарлық тазалық, кәріз жүйесі, көлік бақылау және инженерлік инфрақұрылым жайы қозғалды.

Мәжіліс депутаты Болат Керімбек инфрақұрылымды жетілдіру жұмысын әрі қарай жалғастырудың маңызын атап өтті.

– Алакөл – тек Жетісу облысының емес, тұтас еліміздің туристік бренді. Соңғы жылдары мұнда ауқымды жұмыстар жүргізілді. Электр жарығы мен интернет мәселесі шешілді. Кәріз жүйесі салынып жатыр. Бірақ әлі де жүйелі шешімді қажет ететін мәселелер бар.  Біз үшін басты мақсат  – табиғат байлығын сақтай отырып, халыққа жайлы жағдай жасау. Бұл бағытта мемлекет пен кәсіпкерлердің күш біріктіруі аса маңызды, – деді депутат.

Айта кетейік, кейінгі жылдары Алакөл жағалауында инфрақұрылым едәуір жақсарды. Туристік нысандар саны бір жылда 270-тен асты. Ұзындығы 56,7 шақырым электр желісі мен қосалқы станса салынып, үздіксіз жарық берілуде. Жағалау интернетпен қамтылып, 16 базалық станса орнатылды. Ақши ауылында 69,7 шақырым кәріз желісі тартылып, тазарту құрылғысының құрылысы басталды. Биыл санитарлық жағдайды жақсарту үшін 22 торап, 220 контейнер, 7 техника берілді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатымен көлде 4 инспектор, 12 құтқарушы және 46 полиция қызметкері кезекшілік атқаруда.

Сонымен қатар «AMANAT» партиясының  2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы аясында Жетісу облысына қарасты Алакөл, Кербұлақ, Панфилов аудандары мен Талдықорған қаласында 684,4 шақырым электр желілерін күрделі жөндеу көзделуде.

Тэгтер:

«AMANAT» партиясы