Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық бойынша сот процессінде судья Әбинұр Қарабаев журналист Ботагөз Омароваға кенеттен тілін шығарып, ерсі қылық көрсеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл туралы журналист Facebook-тегі парақшасында жазды. Оның айтуынша, аталған жағдай сот отырысы өтіп жатқанда болған.
«Журналист болғалы, көп нәрсе көрдім. Бірақ, судьяның тіл шығарғанын бірінші рет көріп отырмын. Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасаған адамның сотында төрағалық етіп отырған судья Әбинұр Қарабаев қараптан-қарап маған тілін шығарды. Шынымды айтсам, абдырап қалдым. Қарабаевқа не болды? Бұл ишараның себебі неде?» – деп өз әсерімен бөлісті Омарова.
Оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.
Ал Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша сот процесі жарыссөз кезеңіне шықты. Алғаш болып мемлекеттік айыптаушы Бауыржан Қараманов сөз алды. Оның айтуынша, айыпталушы Ернар Жиенбайдың кінәсі дәлелденген: іс материалдарында бейнежазбалар мен куәгерлердің айғақтары бар.