Қарағанды облысында футболды дамытуға 18,5 млрд теңге бөлінбек

Бүгін, 10:05 / Дана Ізтілеуова
gov.kz

Қарағанды облысында футболды дамытуға 18,5 млрд теңге инвестиция салынбақ, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оның ішінде 12 млрд теңге футбол академиясын салуға бағытталады. Жоба құрамына 3500 көрерменге арналған стадион, жыл он екі ай жұмыс істейтін жабық манеж, жылыту жүйесі бар жаттығу алаңы, жатақхана, медициналық кабинеттер және қосымша инфрақұрылым кіреді.

Қалған 6,5 млрд теңге бұқаралық футболды дамытуға жұмсалады: қалалар мен ауылдарда шағын футбол алаңдарын салу, мектептер мен балабақшаларда спорттық бағдарламаларды іске қосу, турнирлер мен фестивальдер ұйымдастыру, сондай-ақ әйелдер және жастар футболына қолдау көрсету.

2029 жылға дейін бағдарлама 40 мыңнан астам оқушыны және 3600 студентті қамтиды. Футболдық бастамалар өңірдегі 100-ден астам білім беру мекемесінде жүзеге асырылмақ. Ерекше көңіл кадрларды даярлауға бөлінеді: жаттықтырушылар үшін біліктілікті арттыру бағдарламалары, халықаралық тағылымдамалар және UEFA лицензиясын алу қарастырылған.

Бұл туралы Қарағанды облыстық футбол қауымдастығының конференциясында мәлім болды. Онда сондай-ақ басшылықтың ауысқаны хабарланды. Өңір әкімі Ермаганбет Бөлекпаев қауымдастық президенті өкілеттігін ресми түрде тоқтатып, Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры және Freedom QJ League қамқоршылық кеңесінің төрағасы Тимур Турловтың кандидатурасын ұсынды.

Конференцияға қатысушылар бұл тағайындауды қолдады.

— Футбол — жай ғана спорт емес. Ол — ауладағы энергия, стадиондағы жігер, жастарды тәртіпке, көшбасшылыққа және командалық жұмысқа жетелейтін жол. Мемлекет пен Президентіміз бұқаралық спорттың осы түрін дамытуға ерекше мән беріп отыр. Тимур Русланұлы, сіз Қарағанды облысында футболды дамытуға стратегиялық көзқарас пен ауқымды жоба ұсындыңыз. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер спортына арналған бастамаларды ерекше атап өткім келеді. Сіздің бастамаларыңыз спорт қауымдастығы мен аймақ тұрғындарынан қолдау табатынына сенімдімін. Өз тарапымнан облыс әкімі ретінде футбол инфрақұрылымын дамытуға әрі бұқаралық спортты ілгерілетуге қолдау көрсетуді жалғастыратынымды жеткіземін, — деді Ермаганбет Бөлекпаев.

Жаңа президент төрт жылға арналған стратегиялық бағдарламаны таныстырды. Негізгі қағидаттары — жүйелі көзқарас, ашық басқару, балалар-жасөспірімдер және бұқаралық футболға басымдық беру.

— Футбол үлкен ареналардан емес, аулалардан, мектеп алаңдарынан және допқа алғашқы жанасудан басталады. Оның дамуы үшін түсінікті модель мен нәтижеге жеткізетін мақсатты инвестициялар қажет. Біз дәл осындай жүйені Қарағанды облысында қалыптастырғымыз келеді. Freedom Holding Corp. өңірдегі футболды дамытуға 18,5 млрд теңгеден астам қаржы салуды жоспарлап отыр, — деп атап өтті Тимур Турлов. 

Соңғы үш жылда облыста 161 футбол алаңы мен үш жабық манеж салынды, «Шахтёр» стадионында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

— Қарағанды — футбол дәстүрі мықты өңір. Мұнда футбол жай ойын емес, мәдени кодтың бір бөлігі. Біз ондаған жылдар бойы мақтануға болатын жүйе қалыптастыра алатынымызға сенімдіміз, — деп қосты Тимур Турлов.

Тэгтер:

Футбол Қарағанды облысы 185 млрд теңге футболды дамыту