Оралда үй ауласында ойнап жүрген 8 жастағы бала көз жұмды

Бүгін, 17:42 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Орал қаласында 8 жасар баланың күйік жарақатын алғаны жөнінде Instagram әлеуметтік желісінде ақпарат жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Kazinform агенттігіне сілтеме жасап. 

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, жазатайым оқиға 10 тамыз күні шамамен сағат 16.30-да Қонаев шағынауданы 55-үй маңында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша жергілікті тұрғын үй ауласында автомобилін жөндеп жатып, жанар-жағармай құйылған канистрді қалдырып кеткен. 

Аулада ойнап жүрген балалар қауіпті сезінбестен от қойған. Салдарынан канистр жарылып, бір баланың киімін шарпыған.

Денесін түгелге жуық күйік шалған бала өте ауыр жағдайда жансақтау бөліміне түсіп, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. 

— Қылмыс құрамының жоқтығына байланысты бір-екі бала мен жүргізушінің сөзі негізінде полиция істі жапқан. Әйтсе де таныстар куәгерлер болғанын айтады. Сондықтан оқиғаның мән-жайын толық анықтау үшін қандай да болсын ақпарат білетіндердің хабарласқанын өтінемін. Жүргізушілер өз автокөліктеріне мұқият болып, тез жанатын және жарылыс қаупі жоғары заттарды қалдырмауы керек. Сондай-ақ полиция қызметкерлерінің жүк салғышта бензині бар канистрді қалдырып кеткен жүргізушіні жауапқа тартпағанын да атап өткім келеді, — деп жазды тұрғын әлеуметтік желіде.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі баланың 17 тамыз күні қайтыс болғанын хабарлады. Барлық қолданылған шараларға қарамастан, денесін 95 пайыз күйік шалған баланы аман алып қалу мүмкін болмады. 

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі ақпаратты кейін беретінін жеткізді.

Тэгтер:

Бала Орал күйік аула