«Қазақстан» телерадиокорпорациясына жаңа басшысы тағайындалды

Бүгін, 17:29 / Інжу Әлихан

«Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының Басқарма төрағасы қызметіне Ернұр Бурахан тағайындалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ернұр Бурахан 1981 жылы 16 маусымда Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Журналистика саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар. Әр жылдары «Qazaqstan» телеарнасында тілші, тележүргізуші, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Ақтөбе облыстық филиалының директоры, «Қазақстан» телерадиокорпорациясына қарасты «Қазақ радиолары» ЖШС директоры қызметтерін атқарды. Соңғы екі жылда Шығыс Қазақстан облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы қызметінде болды.

Ал Корпорацияны алты жылдан астам уақыт басқарған белгілі медиаменеджер Ләззат Танысбай өз өтінішімен бүгін қызметін аяқтады. Бүгіннен бастап Ләззат Танысбай отандық «Евразия» Бірінші арнасына» жетекшілік етеді.

Л.Танысбай 2019 жылдан бүгінге дейін «Қазақстан» телерадиокорпорациясын, әр жылдары «Astana TV» телеарнасын, «Нұр-Медиа» медиахолдингін басқарды. Журналистика мен медиаменеджмент саласында 30 жылдан астам тәжірибесі бар. Ұзақ жылғы кәсіби қызметінде отандық медиасаладағы бірқатар реформалардың жүзеге асуына бастамашы болды. Оның жетекшілігімен мәдени-ағарту бағытындағы «Abai TV» телеарнасы мен балаларға арналған «Balapan» арнасы ашылды. Сондай-ақ, телевизиялық контентті цифрлық кеңістікке бейімдеу бағытында веб-телеарналар мен онлайн-платформалар іске қосылды.

Тэгтер:

басқарма төрағасы «Қазақстан» телерадиокорпорация Ернұр Бурахан