Прокурор Берденовті атқан Ернар Жиембайды 11 жылға соттауды сұрады

Бүгін, 16:08 / Інжу Әлихан

Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған шабуыл ісі бойынша сот отырысында прокурор Бауыржан Караманов айыпталушыға сұралып отырған жаза мерзімін жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Прокурор Ернар Жиембайға 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ол іс барысында жеңілдететін де, ауырлататын да жағдайлар бар екенін атап өтті.

Жеңілдететін себеп ретінде айыпталушының кәмелетке толмаған балалары бар екенін алға тартса, ауырлататын себеп ретінде қылмыс масаң күйде жасалғанын көрсетті.

«Бүгінгі сот тек құқық бұзушылық туралы емес, адам өміріне қарсы алдын ала жоспарланған қылмыс туралы болып отыр. Бұл жерде тек бір адамның тағдыры емес, қоғам қауіпсіздігі мен әділдік мәселесі де сөз болып отыр. Егер дәрігерлер дер кезінде көмек көрсетпеген болса, қазір біз аяқталған қылмысты қарастырар едік. Айыпталушының жасаған әрекетінің ауыр салдары бар және ол заң бойынша әділ жазалануы тиіс», – деді прокурор.

Айта кетейік, 21 сәуірде кешке Шымкент әкімдігі ғимараты маңында орынбасар әкім Руслан Берденовке атыс жасалды. Мемлекеттік қызметкер жарақат алып, ауруханаға жатқызылды. Операция шамамен 4 сағатқа созылды. Шабуылдан кейін күдікті Ернар Жиембай ұсталды. Ол Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі және 99-баптың 1-бөлігі бойынша «қылмысқа оқталу» бабы бойынша айыпталды.

Берденовтің жүргізушісі Мейрамбек Калымбетов сотта шабуыл жасаған адамды қалай құлатып, сол күнгі оқиғалардың хронологиясын жеткізгенін айтты.

Берденов өз денесінде 60-тан астам оқтың болғанын рентген суреттерімен көрсетті.

Тэгтер:

Шымкент Сот Әкімдік прокурор Руслан Берденов Ернар Жиембай