Бүгін Алматы облыстық сотының ғимаратында Талғарда кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс қайтадан қаралып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгін Қонаев қаласында жасөспірімді өлтіргені үшін сотталғандардың апелляциялық шағымы қаралады.
Сондай-ақ куәгер деп танылған Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелдіге қатысты іс те бүгін шешімін табады.
"Марқұм Шерзаттың ісі бойынша, апелляциялық сот отырысы басталды. Сотталушылардың барлығы үкіммен келіспей отыр.
Сондай-ақ төбелес болған оқиға орнында жүрген екі қыз – Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелдіге қатысты іс, одан қалса, куәгер Юлдаш Розыбакиев пен Арлан Қазыкеновке қатысты шыққан бірінші сатының жеке қаулысына келтірілген Дана Жақсыгелдінің жеке шағымы да қаралады", - деді Шекеев.