Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында өзін блогер, қоғам қайраткері деп таныстырып, бірнеше жергілікті тұрғынды алдап кеткен азаматқа сот үкімі шықты.
Тергеу мәліметінше, айыпталушы түрлі салаларда – жүргізуші куәлігін алып беруден бастап жұмысқа орналасу және бизнес мәселелерін шешуге дейін көмек көрсетуге уәде еткен.
Мысалы, зардап шеккен кәсіпкерлердің бірі оған сағат 23.00-ден кейін спирттік ішімдік сатуға көмектесемін дегені миллион теңге төлеген. Алайды, ер адам уәдесін орындамаған.
"Ол бір көлік жуу орнының иесіне жүргізуші куәлігін қалпына келтіруге ықпал етемін деп, одан 257 мың теңге алған. Тағы үшінші адамға 450 мың теңге берсе, балабақшаға жұмысқа орналасуына көмектесемін деген. Саябаққа қызмет көрсету бойынша тендерді ұтып алған тағы бір кәсіпкер алаяққа құжаттарға қатысты "мәселені шешіп беремін" дегені үшін миллион теңге берген", - деп жазылған хабарламада.
Жәбірленушілер ер адамның уәдесін орындай алмайтынын білген соң ғана полицияға хабарласқан. Тергеу барысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, барлық қаражатты жәбірленушілерге қайтарды.
Мұғалжар аудандық соты ер адамды үш жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті. Ол жазасын еркіндікте өтейтін болады, бірақ оған қатысты белгілі бір шектеулер бар.