ҚазАвтоЖол мамандары жүргізушілерді рөлге шаршаңқы күйде отырмауға шақырды. Сарапшылардың айтуынша, ұйқысыздық пен қатты шаршау – жол-көлік оқиғаларының басты себептерінің бірі. Әсіресе демалыс күндері адамдар ұзақ сапарға шығатындықтан, қауіп арта түседі, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Жүргізушінің ұйқышылдығы алкогольдік мас күйдегі жағдайға тең. Бар-жоғы 17 сағат ұйықтамаған адамның реакциясы 0,05 промилле алкоголь ішкен адамдікімен бірдей. Ал тәулік бойы ұйықтамау 0,1 промиллеге тең әсер береді», – делінген хабарламада.
Шаршаған күйде көлік жүргізу неге қауіпті?
Мамандардың айтуынша, шаршаған жүргізушілердің ағзасында бірқатар өзгеріс болады:
зейін төмендеп, реакция уақыты баяулайды;
көру қабілеті нашарлайды, қашықтықты сезіну бұзылады;
жылдамдықты дұрыс бағалай алмайды;
«микроұйқы» пайда болады – сана қысқа уақытқа өшіп, жүргізуші оны байқамай қалуы мүмкін.
Ғалымдардың дерегі бойынша, шаршаған адам бір минут ішінде 60 ретке дейін жыпылықтайды, әр морғаны 70 миллисекундқа созылады. Бұл – минутына 4 секундтан астам уақыт көзі жабық жүру деген сөз.
Жүргізушілерге пайдалы кеңестер
ҚазАвтоЖол сарапшылары ұзақ сапарға шығатындарға мынадай кеңес береді:
жолға шығар алдында жақсылап ұйықтау;
әр 3–4 сағат сайын аялдап, демалу;
кешкі немесе түнгі уақытта жолға шықпау;
ағзаның белгілерін тыңдау – егер жиі есінеу немесе көрудің бұлдырауы байқалса, дереу тоқтау;
қажет болған жағдайда таза ауада серуендеп, қысқа уақыт ұйықтап алу.
«Ұйқылы-ояу күйде көлік жүргізу – тек өз өміріңізге емес, басқа адамдардың да өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан жолға шықпас бұрын міндетті түрде тынығып алыңыз», – дейді мамандар.
Қазақстандағы жол апаттарының себептері
Ішкі істер министрлігінің дерегінше, Қазақстанда жыл сайын мыңдаған жол апаты тіркеледі. Оның ішінде жүргізушінің шаршауы мен зейіннің төмендеуі жиі кездесетін факторлардың бірі болып отыр. Әлемдік тәжірибе де көрсеткендей, шаршаған жүргізушілер жасаған апаттар саны алкоголь әсерінен болған апаттардан кем түспейді.