Құтқарушылар көпірге шығып, түсе алмаған баланы құтқарды

17 тамыз, 2025 / Нұрлан Әлинұр
Фото: ТЖМ

Оңтүстік астанада жасөспірім құрылысы аяқталмаған көпірге шығып, кейін одан түсе алмаған. Оған ТЖМ құтқарушылары көмектесті, деп хабарлайды turkystan.kz.

ТЖМ-ның ресми Telegram арнасындағы ақпаратқа сәйкес, оқиға Алатау ауданындағы Зерделі шағын ауданында болған. 2014 жылы туған бала құрылысы әлі яқталмаған жаяу жүргіншілер көпіріне көтеріліп, қорыққандықтан өздігінен түсе алмай қалған.

Оқиға орнына Алматы қаласының ТЖД құтқару қызметінің құтқарушылары барды. Олар үш иінді баспалдақтың көмегімен баланы қауіпсіз жерге түсіріп, онымен қауіпсіздік ережелері туралы профилактикалық әңгіме жүргізді.

Құтқарушылар ата-аналарға балаларды қауіпті нысандардың маңында қараусыз қалдырмауын ескертті.