Түркістан облысында көршілер төбелесті

17 тамыз, 2025 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Түркістан облысы Сайрам ауданы Көлкент ауылында көршілер арасында төбелес болды, деп хабарлайды Otyrar.kz.

Жәбірленуші көршісі Әбділазиз Әбдіқайымов бастаған 7-8 адам өзіне, әке-шесіне және досына жұдырық ала жүгіргенін айтады. Төбелес шамамен бір сағатқа созылған. Жәбірленушілер көмекке басқа көршілерді шақырып, олар әрең ажыратып алған.

"Біз ауруханаға бардық, бірақ сол жерде олар агрессивті әрекет етіп, "оларды қабылдамаңдар" деп айқайға басты. Менің ернім жыртылып, қолым сынған. Досымның бет сүйегі сынды. Әкемнің бас сүйегі сынды. Анам әлі де қатты күйзелісте", - дейді жәбірленуші.

Жәбірленушінің айтуынша, аудандық ауруханада оларға тиісті көмек көрсетілмеген және толық сауығып кетпесе де шығарып жіберген.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл шағымды жоққа шығарды. Ведомствоның мәліметінше оқиға 13 шілдеде болған. Зардап шеккендердің бесеуі ауруханаға жеткізілді, олар онда 12 күн бойы қажетті ем алған.

"Сайрам орталық аудандық ауруханасына бес жәбірленуші түсті. Барлығына медициналық көмек көрсетілді, клиникалық хаттамалар бойынша тексеру жүргізіліп, ем-дом жасалды. Жарақат алғандардың арасында миы шайқалған, жұмсақ тіндері көгерген, сүйегі сынған науқастар болды. Оқиға туралы дереу полицияға хабарланды", - деді Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасы.

Бейресми мәліметке сәйкес, көршілер арасындағы жанжал екі үйме шөптен басталған. Алайда тараптар бұл ақпаратты жоққа шығарды. Жәбірленушінің айтуынша, жанжал әкесіне жасалған шабуылдан соң басталған.

Жәбір көрдім деген Фазылжан Әбдікәрімов көршісі нақақтан нақақ тиіскенін айтады.

"Менің әкем осында жатты. Оның бес қабырғасы сынған, аузынан көбік шыққан. Ол ес-түссіз жатқан кезде ағаларым келді. Бұл жерде менің інім, әкем және "Газель" жүргізушісі болды. Оларды көршінің ұлының таныстары ұрып тастады", - дейді Фазылжан Әбдікәрімов.

Жәбірленуші полиция әрекет етпей жатыр дейді. Ал облыстық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғалғанын, ал жанжал тұрмыстық сипатта екенін хабарлады.

"Сайрам ауданында дене жарақатын алу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық қатысушы полицияға жеткізіліп, жауап алынды. Жанжал тұрмыстық сипатта болған", - деп хабарлады Түркістан облысының полиция басқармасы.

Полиция екі жақтың да айғақтарын зерттеп жатыр. Іс-әрекетті тергеу нәтижесі бойынша құқықтық баға беріледі.