Әліби Ыдырыс UFC-дегі жекпе-жегінде жеңіліп қалды

Бүгін, 12:49 / Нұрлан Әлинұр
Cooper Neill/Zuffa LLC

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Әліби Ыдырыс UFC 319 турниріндегі жекпе-жегінде жеңіліп қалды.

Отандық спортшы UFC 319 турнирінде америкалық Джозеф Моралеске қарсы жекпе-жек өткізді. Олар The Ultimate Fighter шоуының финалы аясында бақ сынасты. Әліби Ыдырыс аталмыш шоуда жеңіс үшін таласқан алғашқы қазақ файтері болды.

Жекпе-жек үш раундқа жоспарланған. Алайда екінші раундта америкалық спортшы отандасымызды қылқындыру әдісімен жеңіп кетті.

Айта кетейік, бұл жекпе-жектің жеңімпазы UFC-дің эксклюзивті келісімшартына ие болды.

30 жастағы Әліби Ыдырыс кәсіби мансабында алғаш рет жеңіліс тапты.