Елордада жыл басынан бері 52 бала терезеден құлап кеткен

16 тамыз, 2025 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Биыл жыл басынан бері қалада 52 жағдай тіркелді, нәтижесінде 39 бала жарақат алып, 13 бала қайтыс болды. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы ТЖД бастығының орынбасары Қанат Алтынбеков мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Айтуынша, оқыс жағдайлардың негізгі себептерінің бірі – терезелерге қорғаныс торлары мен блокаторлардың орнатылмауы, сондай-ақ балаларды қараусыз қалдыру немесе үлкен балалардың қарауына қалдыру.

"Балалардың терезеден құлау жағдайларының алдын алу шеңберінде Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті Ювеналды полициямен, МИБ төрағалары және еріктілермен бірлесіп елорданың көппәтерлі тұрғын үй кешендерінде жадынамалар таратып, тұрғындарға қауіпсіздіктің негізгі қағидалары мен балалардың жарақаттануының алдын алуды жеткізе отырып, үгіт-насихат іс-шараларын жүргізуде", – дейді ТЖД өкілі.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта төтеншеліктер 326 көппәтерлі тұрғын үйді аралаған.6330 жадынама орналастырылды (әр кіреберісте және лифттерде 1 қабатта), 23 100 тұрғынға түсіндіру жұмысы жүргізілген.

Қаланың 142 мектебінде 5360-тан астам оқушыны қамтитын дәрістер, 116 балабақшада сабақтар өткізілді, Whatsapp мессенджерінде ата-аналар чаттары бойынша, сондай-ақ МИБ және ПИК чаттары бойынша ақпараттық жадынамалар таратылған.