Астанада Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған мюзикл түсірілді

Бүгін, 14:40 / Інжу Әлихан

23 қазанда композитор Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған «Бақыт құшағында» jukebox мюзиклы экрандарға жол тартпақ, деп хабарлайды turkystan.kz.

Фильмнің бас продюсері әрі режиссеры New York Film Academy түлегі Санат Шапашовтың мәліметінше, фильм үшін арнайы Ш. Қалдаяқовтың 13 әні симфониялық оркестр сүйемелімен жазылып, саундтрек ретінде ұсынылады.

Басты рольдерде Дәурен Серғазин, 5 жылдық үзілістен кейін үлкен киноға оралған Әлия Әнуарбек, Шахмұрат Ордабаев, Азамат Сатыбалды, Айгүл Иманбаева, Айнұр Ильясова ойнайды.

Фильмнің шығармашылық тобына композитордың ұлы Мұхтар Қалдаяқов пен келіні Ботагөз Қалдаяқова да қолдау көрсетуде. Сондай-ақ түсірілімдер үшін арнайы Голливудтың әйгілі кинотуындыларын түсірген инновациялық кинокамера алдырылды.

Фильм бір айдың ішінде толығымен қазақ тілінде және эпизодтар елорданың көркем жерлерінде түсірілген. «Бақыт құшағында» jukebox мюзиклы үшін бір түсірілім алаңына 230-ға жуық актер бас қосқан ең үлкен массалық көріністер бар. Бұл кадрда бишілер Шәмші Қалдаяқовтың әйгілі әніне би эпизодтарын орындайды. Сонымен қатар, фильмде 80 адам бірден қатысқан массалық көріністер де түсірілген болатын. Арнайы хореограф фильмдегі билерді бір ай көлемінде арнайы қойып, дайындықтан өткізді.

Мюзикл қазақ киносы тарихында көрермен үшін мәдени, ақпараттық танымға жол ашатын көркем туынды ретінде өз орнын алады деген сенім бар. Бұл картина еліміздегі креативті индустриясының дамуына дәлел болатын туынды. Фильмде бірнеше жанр мен бірнеше шығармашылық креативке толы.

Кинолента  қазіргі қоғамдағы қазақ қыздарының өзекті мәселелері, махаббатқа сенім мен адал достық тақырыбын тереңінен аша түседі. Идеологиялық миссия ретінде анаға құрмет, отбасы институтының беріктігі, адал мінез бен шынайы қарым-қатынас тақырыптары да таңдалды.

Айта кетейік, джукбокс мюзикл –танымал әндерді пайдаланатын сахналық қойылым немесе музыкалық фильм. Бұл мюзиклдерде белгілі орындаушылардың үлкен репертуары бар және сюжеттер көбінесе олардың өмірі мен шығармашылығына негізделген немесе мюзикл үшін арнайы жасалған.

Тэгтер:

Шәмші Қалдаяқов 95 жыл «Бақыт құшағында» jukebox мюзиклы