Жастың ұлғаюымен бірге ақыл-ой қабілеттері табиғи түрде баяулай бастайды. Бірақ бұл қайтымсыз үдеріс емес (әрине, Альцгеймер сияқты нейродегенеративті аурулардан бөлек), деп хабарлайды turkystan.kz healthline.com, peacehealth.org-ке сілтеме жасап.
Ғылыми зерттеулер көрсеткендей, егер өмір бойы миға жүйелі түрде жаттығу жасасаңыз, оған жалқаулануға мүмкіндік бермесеңіз, сіз оның жұмысын ұзақ уақыт бойы жақсы күйде ұстап, қартаюға қарсы қорғаныс жасай аласыз. Ақыл-ой белсенділігі нейрондар арасында жаңа байланыстар орнатуға көмектеседі және тіпті жаңа жүйке жасушаларының өсуін ынталандырады. Осылайша, болашақта бір бөлігін жоғалтқан күннің өзінде мида «қосымша қор» пайда болады.
Міне, жадты, зейінді, кеңістікті бағдарлау қабілетін және басқа да интеллектуалды дағдыларды ұзақ сақтауға көмектесетін күнделікті, әрі жағымды әдеттер:
1. Пазл құрастыру
Мейлі ол 1000 бөлшекті Эйфель мұнарасының суреті болсын, не 100 бөлшекті Микки Маус бейнесі болсын, пазл жинау миды жаттықтырудың тамаша тәсілі. Бұл әсіресе қартаю кезінде жиі әлсірейтін кеңістікті бағдарлау қабілетін дамытады.
2. Карта ойындарын ойнау
Бридж, покер, преферанс, пасьянс сияқты ойындар жадыны, логикалық ойлауды жақсартады және мидың кей бөліктеріндегі сұр зат көлемін арттырады.
3. Сөздік қорды кеңейту
Жаңа сөздерді үйрену мидың көру және есту ақпаратын өңдеуге жауапты аймақтарын белсендіреді. Білмейтін сөздеріңізді жазып, мағынасын қарап, сөйлеуде қолдануға тырысыңыз.
4. Би билеу
Жаңа би қимылдарын үйрену жадыны жақсартып, ақпаратты өңдеу жылдамдығын арттырады. Сальса, танго, зумба немесе тіпті үйде бейне сабақтармен би билеу — бәрі пайдалы.
5. Бес сезімді қатар қолдану
Көру, есту, дәм сезу, иіс сезу және сипап сезу мүшелерін бір мезетте белсенді етуге тырысыңыз. Мысалы, фермерлік жәрмеңкеге бару, жаңа ресторанға кіру немесе үйде печенье пісіру.
6. Жаңа дағдыларды үйрену
Жаңа нәрсеге машықтану жаңа нейрондық байланыстарды нығайтады. Мысалы, бағдарламалау, көлік жөндеу, атқа міну сияқты армандап жүрген істеріңізді қолға алыңыз.
7. Музыка тыңдау немесе аспапта ойнау
Музыка шығармашылықты дамытып, ойлауды белсендіреді. Гитара, пианино, барабан — кез келген аспапта ойнауды үйренуге ешқашан кеш емес.
8. Жаңа бағыттармен жүру
Күнде бір бағытпен жұмысқа немесе үйге баруды әдетке айналдырмаңыз. Маршрутты өзгерту — ойлау тәсілін жаңартады.
9. Медитация
Күніне 5 минут тыныш жерде көзді жұмып, тыныштыққа шомып отыру — стрессті азайтып, есте сақтау қабілетін жақсартады.
10. Жаңа тілдер үйрену
Көп тілді меңгеру мидың жұмысын едәуір жақсартады. Мұндай адамдардың жады мықты, шығармашылығы жоғары және ойлау қабілеті қартая қоймайды.
Бұдан бөлек, кроссворд шешу, судоку, сурет салу, өнермен айналысу, солақай болмасаңыз сол қолмен тіс тазалау сияқты әрекеттер де миға пайдалы.
Миды сау ұстау үшін физикалық белсенділік те маңызды: күн сайын жаяу жүру, велосипед тебу, жүзу. Сондай-ақ 7–8 сағат сапалы ұйқы мен көкөніс, жеміс-жидек, балық, жаңғақ, дәнді дақылдарға бай дұрыс тамақтану қажет.
Артериялық қысымды, холестерин мен қандағы қант деңгейін қадағалау керек, өйткені гипертония, жоғары холестерин және диабет деменция қаупін арттырады. Ал жақын адамдармен араласу, жақсы әлеуметтік байланыстар да ақыл-ой саулығын сақтауға көмектесетін маңызды дүниелер саналады.