Еттің психикаға оң әсер ететіні анықталды – зерттеу

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

АҚШ-тың Оңтүстік Дакота университетінің ғалымдары етті қалыпты мөлшерде тұтыну адамның психикалық саулығына оң әсер ететінін анықтады. Зерттеу нәтижелері Current Developments in Nutrition журналында жарияланып, Америкалық нутрициологтар қоғамының Nutrition 2025 жыл сайынғы конференциясында таныстырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ғалымдар American Gut Project деректерін пайдаланып, тамақтану әдеті, ішек микробиомы және денсаулық жайлы мәліметтерді талдады. Зерттеуге 4 915 ересек қатысып, олар төрт топқа бөлінді:

– пайдалы тамақтану + ет;
– пайдалы тамақтану, бірақ етсіз;
– тамақтану + ет;
– тамақтану, етсіз.

Нәтижесінде, дұрыс тамақтанған адамдарда ет жесе де, жемесе де салмақ қалыпты деңгейде сақталды. Алайда етті пайдалы мәзірге қосқандарда ақуызды, мырышты, селенді, В12 дәруменін және холинді қабылдау көрсеткіші жоғары болды. Бұл заттар ми қызметі үшін өте маңызды.

Сонымен қатар, етті үйлесімді мөлшерде тұтыну ішек микробиомының алуан түрлілігін арттырды. Ғалымдардың айтуынша, бұл фактор депрессия, посттравматикалық стресс және биполярлық бұзылыстардың даму қаупін азайтады.

Мамандардың қорытындысы: етті шектен тыс пайдаланбаған жағдайда, оны пайдалы рационға қосу физикалық қана емес, психикалық денсаулық үшін де пайдалы.

Тэгтер:

ет психика