Тар шалбар синдромы: тар киім денсаулыққа қандай қауіп төндіреді?

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Көпшілік біле бермейді, бірақ тар шалбар мен джинсы кию жүйке жүйесі ауруларына әкелуі мүмкін. Мұндай әдет парестетикалық мералгияны, Рот–Бернгардт синдромын немесе санның сыртқы тері жүйкесінің невритін тудыруы ықтимал, деп хабарлайды turkystan.kz.

Рот–Бернгардт синдромы санның сыртқы тері жүйкесінің қысылып, қанмен қамтамасыз етілуі бұзылуынан туындайтын компрессиялық-ишемиялық невропатия саналады. Яғни жүйке қысылады, қоректенуі нашарлайды, нәтижесінде санның сыртқы бетінің терісіндегі сезімталдық бұзылады.

Тар шалбар немесе джинсыға қоса биік өкше кигенде жағдай одан сайын ауырлауы мүмкін. Себебі жамбас осінің ығысуы жүйкеге түсетін қысымды арттырады да, жағымсыз белгілер күшейеді.

Негізгі себептер:
– тар киім (шалбар, белдік, іш киім) қысымы;
– ісінудің жүйкеге қысым түсіруі;
– жүктіліктің, әсіресе үшінші триместрінде ішкі ағзалардың қысымы;
– II-III дәрежелі семіздік кезінде іштің төменгі бөлігінде май тінінің жиналуы.

Аурудың механизмі жүйке талшығы тініндегі патологиялық өзгерістерге байланысты жүйке импульсінің дұрыс берілмеуінен туындайды. Жүйке өте сезімтал болғандықтан, бұл өзгерістер «қате» сезім ақпаратын тудырады.

Белгілері:
– санның сыртқы бетінің жоғарғы бөлігінде сезімталдықтың бұзылуы;
– «құмырсқа жорғалағандай» сезім, ауырсыну немесе жайсыздық;
– қозғалыс бұзылысы болмайды, бірақ ұзаққа созылғанда терінің құрғауы, жұқаруы байқалады;
– тік тұрған кезде немесе қозғалғаннан кейін ауырсыну күшеюі мүмкін;
– жатып тыныққанда немесе санды жамбас буынында бүккенде ауырсыну азаяды.

Кейде бұл синдром әйелдерде төменгі іш аймағында аурырсыну тудырып, гинекологиялық аурулармен шатастырылуы мүмкін. Мұндайда нақты диагноз қою үшін қосымша тексеру қажет.

Диагностикасы:
Көп жағдайда нақты белгілер диагноз қоюға жеткілікті. Қажет болса, себебін анықтау үшін зертханалық талдаулар, КТ немесе МРТ жүргізіледі.

Емдеу жолдары:
– тар шалбар, джинсы және қысатын киімнен бас тарту;
– кең, жайлы киім кию;
– артық салмақ кезінде дәрігер-диетологтың бақылауымен тамақтану мен өмір салтын өзгерту, қалыпты дене белсенділігін енгізу;
– көлемді ісік болса, оны алып тастау.

Профилактика:
Дене салмағын қалыпта ұстау, үнемі қозғалыста болу, кәсіби спортпен емес, қалыпты физикалық белсенділікпен шұғылдану. Бұл тек Рот–Бернгардт синдромының ғана емес, жүрек-қан тамыр аурулары мен қант диабетінің алдын алуға да көмектеседі.

Тэгтер:

денсаулық қауіп тар киім