Бүгінгі әдебиеттану ғылымында зерттеудің жаңа бағытын ашып, қазақ көркемсөзін әлемдік үрдістермен байланыстыра, салыстыра отырып талдайтын қабілетті жас әдебиеттанушылардың есімдері танылып келеді. Солардың бірі – Әдебиеттану бойынша PhD Айнұр Ахметова. Оның Орталық Азия әдебиеті, соның ішінде қазақ әдебиеті жайлы мақалалары көптеген ғылыми журналда және шетелдік басылымда жарияланып жүр. Сол арқылы біздің әдебиеттегі түрлі ізденістер жайында шетелдік оқырмандар біле бастады дер едік.
Біз жас әдебиеттанушымен әңгімемізде ұлттық әдебиеттің жаңа бағытта зерттелу жайын қозғап, соңғы кезде әдебиеттануда сөз болып жүрген кейбір мәселелер жөнінде пікірлерін жазып алдық.
– Бізде әдебиет мәселесінде көбіне-көп жастар үлкендерді әңгімеге тартады ғой, бүгін соны керісінше жасағым келіп отыр. Өйткені бүгінгі әдебиет те, әдебиеттану да біздің буын сөз өнеріне келген өткен ғасырдың соңғы онжылдығынан мүлде бөлек. Әдебиеттанудағы жаңа буынның өкілі ретінде айтшы, ендігі әдебиеттің беталысы қандай болуы мүмкін? Ендігі қазақ сөз өнері әлемдік үрдістердің жетегіне ерем деп ұлттық ерекшеліктен тамыр үзіп кетпей ме?
– Осыдан үш-төрт жыл бұрын жас қаламгерлер шығармашылығынан әңгімелерді жиі ұшыратқанда ұлттық тарих болашақта қазақ романдарында қаншалықты жиі және шынайы көрініс табатыны жайлы скептикалық көзқарас өзімде де пайда болған еді. Мен үшін бұл мәселе қазір де маңызды.
Сұрақтың бойындағы «әлемдік үрдістің жетегі» деген түсініктің аясына нендей құбылыстар мен белгілерді сыйдыруға болатыны жайлы ойланып отырмын. Меніңше, қаламгерлеріміз әлемдік немесе отандық әдеби тәжірибеден үйрену жолында қалыптасқан өзіндік әдіс-тәсілдері арқылы қазақ проблемасына үңілгісі келеді. Қазіргі жаппай қолданысқа еніп жатқан бір ғана роботтандыру жайлы қаламгерлеріміз роман мен әңгімелерін ұсынып үлгерді. Одан тыс, әлемдік тәжірибеден әдеби баяндау, кейіпкерлер табиғатын таныстыру, жанр механизмдерін жетілдіру, артық жазу мен банальды оқиғалар құрудан арылуды үйренер болса, қазақ әдебиеті үшін үлкен жетістік болары сөзсіз. Алғашқы кезде бірді-екілі әңгімелерімен оқырмандарға танылған жас қаламгерлеріміз соңғы кезде ең шедевр туындыларымен жарқ етіп шығып, әдебиет тарихында қалу үшін еңбек етіп жатыр деп үміттенемін. Солардың бәрі бірегей идеяларымен әлемдік ой қазынасынан орын алған қаламгерлерден үйренуге ұмтылатынын шығармаларынан байқауға болады.
Меніңше, жазушы иә ақынның қаламгерлік ұстанымы ұлттық мәдениетпен тығыз байланысса, шетелдік тәжірибені үйрене отыра өз қоғамы үшін жұмыс істейді. Ал қазіргі уақыттың сұранысы ретінде және жазу арқылы табыс табуды көздейтін bestseller-ден гөрі fastseller-ге негізделетін туындыларды уақыт өзі іріктейді. Яғни, мұндай туындылар кейде кейіпкерлерін немесе туындыдағы кеңістік бірліктерін ше-телдік атаулармен немесе кең қолданыс-қа енген әлемдік белгілермен біріктіруі мүмкін. Кейде мұндай «ассорти» туындыларды көзіқарақты сыншылар шығарма арқылы көрініс табатын ұлттық негізге селкеу түсіру деп есептейді. Bestseller мен fastseller-ге, екі категорияға да сыятын ғажап туындылар жазылар болса әдебиеттің де, жеке автордың да жетістігі болары сөзсіз. Мұның бәрін «әлемдік үрдіс» деген түсініктің аясына қамти сөз етіп отырмын.
Қазір оқырмандар сұранысы күрделеніп барады, соған сай уақыт деген төреші әдебиет әлеміне тек ізденіс пен үйренуге арқа сүйеген кәсіби қаламгерлерді ғана жинауға бет алғандай сезіледі. Бәлкім, бұл баяғыдан солай болуы керек. Яғни, шабыттың екпінімен иә ізденіссіз құрастырылған мәтіндер көптеген жарыққа шығару технологиясы арқылы қолжетімді болғанымен, ғұмыры ұзаққа созылмайды. Кез келген мазмұндағы заманауи өнім түрлері сапалы әдеби өнімнің орнын алмастыра алмайтынына сенімдімін.
– Бүгінгі әдебиеттің де, әдебиет зерттеулерінің де күрделеніп бара жатқаны байқалады. Ол даму үстіндегі әдебиетке тән нәрсе десек те, бүгінгі тым қысқа һәм жеңіл мәтіндерге ғана назар аударатын көпшілікті көркем әдебиеттен алыстатып алмаймыз ба? Қалай десек те оқырманның көбі әдебиетпен шұғылданбайтын, бірақ тұтынатын қарапайым халық қой…
– Меніңше, көркем әдебиеттің нағыз оқырманына мұндай күрделіліктер әсер етпеуі керек. Күрделілік терең ойлануға және сол арқылы үйренуге шақырады. Қазіргі уақыт тұрғысынан алғанда қарқынмен дамып бара жатқан технологиялық революциялар дәуіріндегі ой-сана бір сызықтың бойымен жазылған әдеби дәстүрден де шығып, сөз өнеріндегі эксперименттер әлеміне саяхаттаудан бас тартпауды қажет деп таппаса керек. Тағы да басқаша ойланар болсақ, өнердің бастау тарихын үңгірлерде бейнеленген суреттерден таратып жатады, ал одан бері адамзаттың ақыл-ой қазынасы бірнеше саладағы сансыз әдеби және ғылыми үлгілермен толықты. Яғни, өмірлік тәжірибемен қоса, осының бәрі оқырманның ой-санасын тереңдеткені сөзсіз.
Сонымен қатар бүгінгі көпшілік қысқа және жеңіл шығармаларға ғана назар аударады деген оймен де келісу қиын. Егер оқырман көңілінен шығатын болса, қысқа да, көлемді де туындылар оқылатыны сөзсіз.
– Біраз зерттеулеріңмен таныспын. ҚазҰУ-дың «Хабаршы» журналында (Филология сериясы, №2, 2025) жарық көрген «Қазақ поэзиясындағы нөлдік мәтін көрінісі» деген мақалаңда біздің ақындардың формалық ізденістеріне назар аударған екенсің, соның болашағы қандай? Смайликтермен өлең жазу, өлеңнің формасын тақырыптың мән-суретіне айналдырып жазу бірер экспериментке жарар, бірақ бәрін мәтінмен түсіндіретін біздің вербальдік мәдениетке тамыр байлайтын поэзиямыз сөзге сараң, айтқысы келетін мәнді символдармен, суретті жазумен (иероглифтер) ишаралап тұратын визуальдік мәдениеттің өнімі – қытай, жапон секілді елдердің поэзиясына тән қасиеттерді кең түрде қабылдай ала ма?
– Сіз меңзеп отырған өлең «формасы» өлең мәтінінің орнына қолданылған мессенджерлер механизмдерінің көрінісі мысал ретінде алынған еді. Меніңше, смайликтермен «өлең өрген» ақын қызығушылықпен эксперимент жасағысы келді деп есептеймін. Сонымен қатар бұл форманы үздік өлшем ретінде де атап көрсетпедім. Қазірдің өзінде жаңашыл ақындарымыз қытай, жапон немесе басқа елдердегі поэзия формасын қабылдамай-ақ өзіндік эксперименттің сан түрін жасай алады. Өзіңіз атап өткен мақалада талданған Ерлан Жүністің «Энтелехия» кітабындағы үш-төрт жолмен көрініс тапқан поэтикалық ойлары өзіме ұнады. Кітаптың ақ бетінің ортасына орналастырылған «Адам баласы есейген сайын, // армандары // неге ұсқынсыз?» деген шумақ есімде қалыпты. Қаншама проза және поэзия мәтіндерін оқығандықтан, қазіргі қазақ поэзиясы өте әлеуетті, қарқынды және жаңашыл екенін айтқым келеді. Түйіндеп айтқанда, қабылдаушы сана мейлі вербалды поэзия болсын не бейвербалды поэзия болсын – ақынның концептін, көзқарасын, үнін жеткізетін жанр, форма, ырғақ эксперименттеріне ашық болғаны поэзияның тамаша үлгілеріне жол ашатыны анық.
– Ana tili газетінің өткізген «Қазіргі қазақ прозасындағы шизофрениялық дискурс» атты дөңгелек үстел талқылауына қатысып, ойларыңды айтқан екенсің. Бұл бағытта зерттеудің мақсаты не? Шизофрениямен ауыратын қаламгерлердің шығармаларын сақтықпен оқуға шақыру ма, әлде туынды мәтінін зерттеу арқылы оның авторының психологиялық портретін жасау ма? Егер солай болса, әдебиеттің адам өміріне тигізер зияны мен пайдасын қалай анықтауға болады?
– Газет редакциясының талқысында қозғалған тақырып еді. Әдебиет – өмірдің моделі болғаннан кейін физикалық өмірдегідей әдебиет кейіпкерлері мен авторларына қатысты әртүрлі жағдай кездесетіні белгілі. Бір жағынан алғанда, сіз келтірген екі нұсқаны да мақұлдар едім. Біз кейде әдеби қолжазбалардың да адам өміріне қауіпті зияны бар-жоғын тексеретін жағдайға жеттік. Ал әдебиеттанудағы биографиялық және медицина, психология мен гуманитарияның бірлескен әдістерімен жазушы өмірбаяны мен оның туындылары арасындағы қатынасты зерттеу арқылы авторға тән белгілерді анықтауға болады. Мысалы, невроз себептеріне үңіле отырып, Фройдтың психоанализ арқылы Достоевскийдің жазушылығынан басқа да қырлары мен кейіпкерлерінің байланысын зерттегені іспетті. Сонымен қатар шығармашылығында психиатрия мен кейіпкерлерінің психикалық күйлерін сипаттауға қызығушылық танытқанымен, авторда шизофрениялық аурулар кездеспеуі мүмкін. Коммуникацияның жазбаша түрі ретіндегі көркем мәтін кейіпкерлерінің (бей)вербал әрекеттері мен автордың жазу стилі арқылы шизофрениялық бұзылыс симптомдарын талдауға болады. Шығармадағы ой мен тілдің бұзылысына қандай ішкі және сыртқы факторлардың әсер еткенін анықтау үшін, жоғарыда айтқанымдай, интеграцияланған зерттеу әдістері қажет. Ал екінші жағынан, сол талқының газеттегі нұсқасының соңын «әдеби туынды – шынайы өмірдің моделі. Яғни, өзі өмір сүріп жатқан әлемді басқаша құруға ұмтылу – өзінше жаңа әлемді жаратудың қатардағы адамнан басқаша ойлайтын, «оғаш» ойлайтын адамның ісі. Әлемнің көркемдік моделін қайта жаратуға ұмтылудың өзі шизофрения тұрғысынан алғанда бізге қандай ой салуы мүмкін?..» деп аяқтаған болатынмын.
Сұрағыңыз өте орынды. Әдеби мәтіндерді зерттейтіндіктен, көп ауқымды мәтіндерді оқуға мәжбүрміз. Менің байқауымда адамның ұстанатын құндылығына мазмұны мен мәні қайшы келетін әдебиет зарар беретіндей көрінеді.
– Шетелдік басылымдарда Орталық Азия, оның ішінде қазақ әдебиеті туралы ғылыми мақалаларың жарияланып тұрады. Олардың мазмұнын саралап қарасам, шетелдерде біздің әдебиет туралы әлі толыққанды мәлімет жоқ сияқты. Мұндай жағдайда «Қазақ әдебиетін әлемге қалай танытуға болады?» деп сұраудың өзі артық па деп отырмын…
– Бірінші кезекте әдебиеттің әлем назарына түсуі жайлы түсінікті тарқатып көрсек... Қазір әлем оқырмандары жаппай қазақ әдебиетін оқып жатқан картинаны елестетудің өзі қиын сияқты. Меніңше, бұл үрдіс белгілі бір авторларға немесе авторлар шоғырына ғана тән болмаса (көбіне Нобель сыйлығын немесе басқа да марапаттарға ие болған әдеби туындылар), басқа әдебиеттердің де тұтас оқылуы мүмкін емес. Ал қазақ әдебиетінен жаппай болмаса да әрбір он, жиырма жылда әлде одан да сирек немесе жиі уақыт аралығында бірді-екілі әлде одан да көп шығармалар әлем назарына түседі деп ойлаймын. Әлемнің бір бөлшегі ретінде Ресейге, Түркияға және басқа да түркітілдес халықтарға біздің бірқатар шығармаларымыз таныс әрі әдебиет жанрлары аударылды. Соңғы жылдардағы мемлекеттік бастамамен ағылшын тіліне аударылған әдеби антологиялар мен он тілге тәржімаланған Абай туындыларын еске түсірейік. Түрік тіліне де жеке аудармашылар мен авторлардың бастамаларымен қаншама қазақ шығармалары аударылды және онда зерттеліп те жатыр. Сондай-ақ Америка, Еуропа әлде Азия елдерінің ғылыми ортасына қазақ әдебиетіне қызығушылық танытқан зерттеушілердің ағылшын тіліндегі ғылыми жұмыстары арқылы таныс екеніне шүбәм жоқ. Бірақ бұл әдебиет жаппай танылды дегенді білдірмесе керек және жоғарыда айтқанымдай, әдебиеттің бірден назар аудартуы да мүмкін емес жағдай. Бұған қоса, әр жылдары бірді-екілі авторлар шетелдегі қазақ әдебиетін аударатын тәржімандар мен әдеби баспалар арқылы да аударылған кітаптарының тұсаукесерін өткізіп, шетелдік баспаларда сатылып жатады. Мұның барлығы қазақ әдебиетінің шетелге танылуын білдірсе керек... Іздеген шетелдік оқырманға аудармалар арқылы қазақ әдебиетімен танысуға мүмкіндік бар.
Пікірімді аяқтай келе, қазақ әдебиеті қапаста жатпағанын айтқым келеді. Меніңше, жақсы шығарма ұсынуға еңбектенген қаламгерге танылу өздігінен келеді. Әлем классикасын түпнұсқадан оқу үшін сол тілді меңгеретін жанкүйер оқырмандарымыз сынды қазақ авторлары да ғажап туындыларымен шеттілді аудиторияның қазақ тілін үйренуіне түрткі болса, тіл қолданысын кеңейтуде әдебиеттің нағыз жеңісі болар еді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Ахмет ӨМІРЗАҚ