Фриланс: еңбек нарығындағы жаңа бетбұрыс

Бүгін, 15:00 / Túrkіstan International Political Weekly
сурет: istockphoto.com

Жаһандық еңбек нарығы түбегейлі трансформация кезеңіне аяқ басты. Соның айқын көріністерінің бірі – фриланс моделінің күрт кеңеюі. 2024 жылғы мәлімет бойынша, әлемде 1,57 миллиард фрилансер жұмыс істейді. Бұл – жалпы еңбекке жарамды халықтың шамамен 47 пайызы. Сарапшылар бұл көрсеткіштің алдағы жылдары еселеп өсетінін болжайды. 2025 жылға қарай фриланс платформаларының нарықтық құны 8,39 миллиард долларға, ал 2029 жылға қарай 16,89 миллиард долларға жетуі мүмкін.

Фриланстың мәні мен маңызы

Фрилансер – белгілі бір мекемеге тұ­рақ­ты тіркелмей, жобалық негіз­де әртүрлі тапсырыс берушімен жұмыс іс­тей­тін маман. Олар өз қызметін дербес ұсынып, бірнеше клиентпен қатар жұмыс істей алады. Бұл модель икемділік, еркіндік және цифрлық мобильділік қағидаттарына сүйенеді. 
Айта кету керек, «фриланс» сөзі алға­шында жалдамалы рыцарьларға қатысты қолданылған. Бүгінде бұл ұғым еңбек нары­­ғындағы шекарасыздық пен дербес­тіктің символына айналды.
Америкалық профессор Дэвид Болл фри­лансты «еңбек нарығының фундамен­талды өзгерісі» деп сипаттайды. Оның ай­туынша, бұл – уақытша құбылыс емес, ком­паниялар мен жеке мамандар үшін жаңа мүмкіндіктің кең ауқымын ашатын тұ­рақты тренд. Тәжірибелі фрилансер Ай­дана Смағұлова бұл пікірді қуаттап:
– Фриланс маған өз уақытымды толық­тай басқаруға, қызықты жобаларды таңдау­ға және әртүрлі компаниялармен жұмыс істеу­ге мүмкіндік береді, – дейді.
Фриланс қозғалысы интернет пен тех­нологияның дамуымен тығыз байланысты. Әсіресе, COVID-19 пандемиясы кезінде бұл фор­маттың тиімділігі айқын байқалды. Worksuite зерттеуіне сәйкес, АҚШ – фри­ланс бойынша әлемдік көшбасшы. Бұл елде 79 миллион штаттан тыс маман жылына 1,3 триллион доллар табыс табады. Орташа сағаттық табыс – 47,71 долларға тең.
Штаттан тыс қызметкерлер саны бойын­ша Үндістан да алдыңғы қатарда. Ел­де шамамен 15 миллион адам келі­сім­шарт негізінде қашықтан жұмыс істейді. Бұл – ағылшын тілін жетік меңгеру мен те­х­нология саласындағы жоғары білік­тіліктің нәтижесі. Технология кәсіпкері Рамеш Кумардың айтуынша, фриланс Үнді­стан жастары үшін табыс табудың және кәсіби әлеуетін көрсетудің негізгі көзіне айналған.
Филиппин мамандары негізінен вир­туалды көмекші және колл-орталық қыз­метімен танымал. Ал Пәкістандағы тех­но­логиялық сауатты жастар санының артуы бұл елді де қашықтан жұмыс істеу кар­та­сында маңызды ойыншыға айналдыруда. Еуропадағы жетекші фриланс орталығы – Ұлыбритания. Сонымен қатар Канада, Фран­ция, БАӘ, Бразилия, Аустралия, Поль­ша, Сербия, Украина, Мексика және Индо­незия сияқты елдерде де бұл сектор бел­сенді дамып келеді.
Қазақстан Республикасы Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ең­бек және әлеуметтік әріптестік депар­таментінің директоры Данат Нәбиев:
– Жұмыспен қамтудың жалдамалы не­месе тәуелсіз қызмет формасын таңдау – азаматтың жеке қалауы. Әрбір жағдайда өзін­дік артықшылықтар мен ықтимал тәуе­келдер бар. Өзін-өзі жұмыспен қамты­ғандардың барлығы цифрлық платфор­малар арқылы жұмыс істейді деуге бол­майды – олардың көпшілігі тікелей жұмыс істейді. Қазір халықаралық фриланс алаң­дары қазақстандықтар үшін де қолжетімді. Олар әлем бойынша тапсырыс беруші­лермен байланыс орнатып, электронды төлем жүйесі арқылы өз еңбегінің ақысын алуда, – дейді.

Экономикалық ықпал және тиімділік

Қашықтан жұмыс – жаһандық эко­номиканың серпінді дамып келе жатқан саласы. 
Ұлыбританиялық зерттеуші Сильвия Вахара халықаралық фриланс плат­форма алаңдары жұмыс беруші мен орын­даушы арасындағы байланысты ай­тарлықтай жеңілдеткенін айтады. Мәселен, АҚШ-тағы Upwork платформасында 18 миллионнан астам фрилансер мен 5 мил­лионнан астам жұмыс беруші тіркелген. Одан бөлек, америкалықтар Toptal, Guru, FlexJobs платформасын кеңінен пайда­ланады. 
Ұлыбританияда – PeoplePerHour, Ауст­ралияда – Freelancer, Израильде – Fiverr, Аргентинада – Workana сынды платфор­ма­лар қашықтан жұмыс мәдениетінің жаһандық деңгейде орныққанын дәлел­дейді. Осы бағыт экономиканың икемділігі мен тиімділігін арттырады. Мысалы, АҚШ-та бұл сектор жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 5 пайызын құрайды. Бразилияда – 3 пайыз, Үндістанда – 2 пайыз. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш әзірге 0,5-1 пайыз аралығында. Дегенмен ішкі нарыққа бағытталған отан­дық онлайн қызмет алаңдары белсенді да­муда. Бүгінгі таңда елімізде Qamqor Freelance, Freelance.kz, WorkTap.kz, Market.kz, OLX.kz және BuginWork сынды бірнеше онлайн платформа жұмыс істейді. Сарап­шылардың бағалауынша, елімізде 500-700 мың аралығында фрилансер бар.
Данат Нәбиевтің сөзінше, қазақстандық мамандар халықаралық фриланс нары­ғында да белсенділік танытып жүр.
Фриланстың дамуы – тек жеке адам­дар үшін емес, жалпы ұлттық эко­но­мика үшін де тиімді. Аутсорсинг арқылы компаниялар шығындарды оңтайлан­ды­рып, инновациялық идеяларды жедел ен­гі­зе алады. Бұл – әсіресе дамушы елдер үшін жаһандық нарыққа шығу мен валюталық түсімдерді көбейтудің тиімді жолы.
Штаттан тыс қызметкерлердің болуы компанияларға нақты тапсырма үшін қа­жет мамандарды қысқа мерзімге жалдауға, сол арқылы тұрақты штат ұстауға кететін шығынды азайтуға мүмкіндік береді. HR-консультант Әсет Дүйсенов бұл тәсілдің стартаптар мен жобалық жұмыс жүргізетін ұйымдар үшін өте тиімді екенін атап көр­сетеді.
Фриланс нарығы түрлі саладағы білікті мамандарға толы. Олар түрлі жобаларға қатысу арқылы жаңа тәжірибе жинақтап, ком­панияларға тың идеялар алып келеді. Бұл салада жазушы, журналист, редактор, аудармашы, бухгалтер, дизайнер, марке­толог, фотограф, дерек талдаушы және басқа да мамандық иелеріне сұраныс жо­ғары. Қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі геог­рафиялық шектеулерді жойып, фри­лансерлердің жұмыс ауқымын кеңейтеді. Көптеген фрилансер бірнеше мамандықты қатар меңгеріп, әмбебап маман ретінде сұранысқа ие болып отыр.
Данат Нәбиевтің айтуынша, Салық кодек­сінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат­тарға арналған арнайы салық режимін енгізу мәселесі қарастырылған. Бұл – бастама фрилансерлердің қызметін заңды реттеуге бағытталған маңызды қадам болмақ.

P.S. 

Фриланс – уақытша үрдіс емес. Бұл – еңбек нарығының жаңа құрылымы. Адам өз жұмыс уақытын, бағытын, табысын өзі басқаратын, бірнеше елмен бір мезгілде жұмыс істей алатын, бәсекеге қабілетті болуға ұмтылатын жаңа еңбек менталитеті. Фриланс – бүгіннің ғана емес, болашақтың да басты құндылықтарының бірі.

Нұрлат Байгенже

Тэгтер:

Еңбек нарығы фриланс