AI: Фантастика шындыққа айналды

Бүгін, 14:15 / Túrkіstan International Political Weekly
сурет: istockphoto.com

Бүгінде жасанды интеллект (AI) – біздің өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналды. Білім беру мен денсаулық сақтауда, қаржы мен өнеркәсіпте, тіпті шығармашылық саласында да өз орнын тауып үлгерді. ChatGPT, GitHub Copilot, Midjourney, Google Gemini (Bard) сынды құралдар жұмыс тәсіліміз бен ойлау жүйемізді түбегейлі өзгертуде. Бұрын тек фантастикалық фильмде көретін әлеміміз шындыққа айнала бастады. 

Қалай пайда болды?

Жасанды интеллект пен ней­ро­же­лінің тари­хы бірнеше онжыл­дық­ты қамтиды. ХХ ға­сырдың 50 жылдары ней­рожелілердің алғашқы қадамы бас­та­лып, алгоритм жүйесі  ұсынылды. Алайда сол кездегі технологиялық шектеу мен де­­­ректің жеткіліксіздігі саланың да­муын тежеді.
Бұл кезеңде ғалымдар адам миының жұ­мысын модельдеуге ұмтылған болатын. Бір­ақ технологияның әлсіздігі, дерек тап­шы­лығы AI дамуын тежеді.
1980-1990 жылдары жасанды ин­тел­лект­ке деген қызығушылық қайта жан­дан­ды. Осы кезеңде терең оқыту әдісі (deep learning) қалыптасып, нейрожелінің жаңа мүм­кіндігі кеңейе түсті. Дегенмен нақты же­тістікке жету үшін есептеу қуаты мен үл­кен деректер қажет еді.
XXI ғасырдың басында нәтижелі жұ­мыс басталды. Big Data мен қуатты про­цес­сор­дың арқасында нейрожелілер тео­рия­дан тәжірибеге көшті. Әсіресе, 2018 жылы OpenAI компаниясы GPT-1 моделін ұсын­ған­да, жаңа дәуір басталды десе де болады. Жо­баны іске асыруға Сэм Олтман, Элон Маск, Грег Брокман, Илля Суцкевер, Войцех Заремба, Джон Шульман сияқты ғалымдар мен инженерлер атсалысты. 
2019 жылы OpenAI америкалық зерттеу ұйы­мы GPT-2 ұсынды. Бұл модель – мәтін ге­нерациялауда айтарлықтай ілгеріледі. 2020 жылы 175 миллиард параметрімен аса қуат­ты тіл үлгісі – GPT-3 іске қосылды. 2022 жылы қараша айында GPT-3.5 негі­зін­де жасалып, алғаш рет көпшілікке тегін ин­т­ерфейс ретінде ұсынылды.
Кейін GPT-4 негізіндегі тілдік модельге диа­логтық формат пен нақты тапсырманы орын­дау қабілетіне ие болды. 
Бүгінде ChatGPT 50-ден астам тілді тү­сініп, солармен жұмыс істейді. Әсіресе, ағыл­шын, испан, француз, неміс, орыс, қы­тай, араб, португал, жапон тілінде ақпа­рат алмасудың белсенділігі жоғары.
Одан бөлек, 2021 жылдың маусым айын­да код жазу көмекшісі ретінде GitHub Copilot, 2022 жылы сурет жасау құралы Midjourney ресми таныстырылды.
Бүгінде ондаған нейрожелі адамның кө­мекші құралына айналды. 

Маңызы неде?

Бүгінде нейрожелінің маңызы артып, әр саланың тынысын ашуда. AI де­рек­ті өңдеумен қатар, шығармашылық ше­шім ұсына алатын құралға айналды. Олар мәтін, сурет, дыбыс, бейне сияқты түр­лі ақпарат түрлерін өңдеу мен талдауда кеңі­нен қолданылады. Қолдану аясы да әр алуан: білім беру, медицина, қаржы, өнер, кө­лік және тағы басқа салалар.
Мәселен, AI білім беру саласында оқу бағ­­­­дарламасын автоматтандырып, оқу­шы­ның қабілетіне бейімдейді. Медицинада – диаг­ностика, емдеу жоспарын әзірлеу, дә­рі-дәрмек дайындай алады. Қаржы сек­то­рында – нарықтық трендтерді болжайды, ин­вестиция тәуекелін есептейді. Өнерде – музыка, өлең, сурет, видео контентін жасау­ға қолданылады. Көлік саласында – авто­ном­ды автокөліктерді дамыту, көлік ло­гис­тикасын оңтайландыруда шешуші рөл атқарады.
OpenAI басшысы Сэм Альтман «Жа­сан­ды интеллект – адамның қабілетін кеңей­те­тін құрал. Бірақ оны жауапкершілікпен пай­далану керек», – дейді.
Билл Гейтс «ChatGPT – интернеттен кейін­гі ең үлкен технологиялық револю­ция», – деп бағалады.
AI зерттеушісі Йошуа Бенджио: «Midjourney сияқты жүйелер креативке деген көз­қарасымызды түбегейлі өзгертті. Бұл – жаңа өнер формасы», – дейді.
Расында, нейрожелі қоғамның әртүрлі са­ласына еніп, жұмыс өнімділігін арттыр­ды. Мәселен, MasterCard компаниясы нейро­желі арқылы алаяқтық транзакцияны анықтау жүйесін іске қосты. 2023 жылғы мә­лімет бойынша, алаяқтық әрекеттерді бол­жау дәлдігі 92 пайызды құрады. Тағы бір мы­сал, АҚШ және Ұлыбритания кли­ни­каларында Google DeepMind компаниясы жа­саған нейрожелі маммография суретін тал­дау арқылы сүт безі қатерлі ісігін анық­тау дәлдігін 94,5 пайызға жетті.
Нейрожелінің ең басты маңызы – үл­кен деректі өңдеу арқылы адам шешіміне қа­рағанда тез әрі дәл нәтиже ұсынады. Бұл тек уақыт үнемдеу емес, адам өмірін сақтау, экономикалық шығынды азайту, жаңа өнім жасау сияқты нақты нәтиже береді.
Қазақстан да әлемдік үрдістен шет қал­мады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі ең ірі цифрлық хабтардың біріне айналуы тиіс. KazLLM моделі – осы бағыттағы ал­ғаш­қы нақты қадам», – деді.
Шынында, 2024 жылы KazLLM моделі та­ныстырылды. Бұл – қазақ, орыс, ағылшын жә­не түрік тілін меңгерген, 148 миллиард то­кеннен тұратын ірі нейрожелі. Ол – қазақ ті­лін тану, түсіну, аудару мүмкіндігі бар ал­ғашқы отандық AI жүйе.
Қазір Парламент Мәжілісінде «Жасанды ин­теллект туралы» арнайы заң жобасы тал­қылануда. Заң AI дамуын жүйелеуге, қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Ертең не күтеміз?

Жасанды интеллекттің болашағы – жарқын әрі үміт күттірерлік. Ал­да­ғы уақытта бұл технология көптеген са­лада жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ. Мә­селен, әр адамға жекелей бейімделген цифрлық көмекшілер пайда болуы ық­тимал. Индустрия 5.0 концепциясы ая­сын­да жасанды интеллект адаммен серіктестік негізінде шешім қабылдайтын деңгейге жетеді. Сонымен қатар нарықта AI тренері, цифр­лық этика сарапшысы, нейроди­зай­нер, генеративті контент жасаушы сияқты жаңа мамандықтар пайда болады.
Дегенмен жасанды интеллекттің дамуы тек мүмкіндіктермен ғана емес, белгілі бір сын-қатерлермен де қатар жүретіні анық. Бұл технологияның өріс алуын тиімді ба­қылау, оның пайдасын барынша арттыру және ықтимал зияндарын азайту үшін қо­ғам, мемлекет және ғылыми қауымдас­тық өзара тығыз әрекет етуі қажет. Әсіресе, эти­калық мәселелер, жеке деректердің қор­ғалуы, жұмыс орындарының қысқаруы сияқ­ты әлеуметтік-экономикалық тәуе­кел­дерге байланысты халықаралық деңгейде келісімдер мен құқықтық реттеулер қажет.
Бұл ретте ұлыбританиялық жасанды ин­теллект зерттеушісі, нейробиолог және кә­сіпкер Дэмис Хассабис: «Жасанды ин­тел­лект дамуының негізгі басымдықтары – ашықтық, әділеттілік және қауіпсіздік. Бұл мақ­саттарға жету үшін тек салаішілік қана емес, сонымен қатар үкіметаралық деңгей­де де үйлестірілген реттеу жүйесі қажет», – дейді. 
Әлемдік сарапшылар Сэм Альтман мен Жеффри Хинтон да сын-қатерге уақытылы жауап беру қажеттігін ескертуде. Қазақ­стан­да Ғиззат Байтұрсынов бастаған ма­ман­дар AI саласындағы ұлттық шешім мен технологиялық тәуелсіздікті дамытуға күш салуда.
Қазақстан жасанды интеллект сала­сын­дағы әлеуетін дамытуды қолға алып отыр. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитетінің төрағасы Ғиззат Бай­тұрсыновтың айтуынша, қазақ тіліне бейім­делген нейрожелілік модельдер әзір­леу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Бұл модельдер қазақ тілін тану, түсіну, ге­нерациялау, аудару сияқты табиғи тілдерді өңдеу (Natural Language Processing) тап­сырмаларына лайықталған.
2024 жылдың соңында таныстырылған KazLLM моделі – қазақ, орыс, ағылшын жә­не түрік тілінде оқытылған, 148 мил­лиард токеннен тұратын ауқымды дерек жиыны негізінде әзірленген. 2025 жылдың наурыз айында министрлік Inception (G42) компаниясымен бірлесіп дайындаған Sherkala моделі халықаралық Hugging Face платформасында жарияланды. Осылайша, KazLLM мен Sherkala моделі қазақтілді цифрлық экожүйенің берік іргетасына айналды.
Қазақстандық жасанды интеллект плат­формаларын дамыту әрі қолдану ар­қы­лы елдің цифрлық тәуелсіздігін нығай­тып, мемлекеттік басқарудан бастап білім, денсаулық сақтау, ғылым және бизнес са­ла­ларына дейін кеңінен енгізу – алдағы маңызды міндеттердің бірі.

P.S. 

Жасанды интеллекттің қарқынды дамуы – адамзат тарихындағы жаңа дәуірдің бастауы. Бұл тек технологиялық серпіліс емес, сонымен бірге қоғамның, экономиканың, тіпті мәдениеттің өзгеруі. AI – мүмкіндік пен тәуекелдің қос қыры. Оның көмегімен адам қабілеті артады, шығармашылық жаңа биікке көтеріледі, күрделі мәселелер шешімін табады. Алайда екінші қырын да ұмытпаған дұрыс...

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Тэгтер:

ЖИ AI