Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы коммуналдық қалдықтарды басқару саласына тексеру жүргізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Рұқсат етілмеген 79 қоқыс полигонының жойылғаны туралы жалған ақпарат ұсынылған. Аққайың, Қызылжар, Мамлют, Тайынша аудандарында және М.Жұмабаев ауданының аумағында қалдықтар арнайы белгіленбеген жерлерге жинақталған.
Сонымен қатар, Мамлют және Қызылжар аудандарында, сондай-ақ Петропавл қаласындағы қолданыстағы қалдықтар полигондары экологиялық талаптар мен санитарлық нормаларға сәйкес келмейтінің көрсетті.
Экологиялық кодекстің 365-бабының талаптарына қарамастан, Экология департаменті анық және жүйелі сипатқа ие құқық бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылдамаған, бұл өз кезегінде өңірдегі нақты экологиялық жағдайдың бұрмалануына әкеп соғуда.
Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою туралы жалған есептерді ұсынғаны, экологиялық бақылаудың тиісінше жүргізілмегені және қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстардың үйлестірімелгені үшін 13 лауазымды тұлға, олардың қатарында Экология департаментінің басшысы, облыс әкімдігі табиғи ресурстар басқармасының басшысы және Аққайың, Қызылжар, Мамлют аудандары әкімдерінің орынбасарлары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
СҚО табиғат қорғау прокурорының қаулысымен ӘҚБтК-нің 324 және 344-баптарына сәйкес 12 ауылдық округтің әкімдері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 1,3 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды, барлық айыппұлдар толық көлемде өндірілді.