Алкогольдің заңсыз саудасын қалай тежейміз?

Бүгін, 14:00 / Túrkіstan International Political Weekly
сурет: istockphoto.com

2025 жылдың алғашқы жартысында Қазақстанда заңсыз алкоголь өнімдерін өндіру мен сатуға қатысты қылмыстар мен құқықбұзушылықтар айтарлықтай артты. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті жариялаған деректерге сүйенсек, бұл салада тіркелген әкімшілік істер саны 24,9 пайызға өсіп, 4 200-ден асты. 2024 жылдың дәл осындай кезеңінде бұл көрсеткіш 3 356 іс болған. Әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар саны да өсті – 2 700 адам. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 25 пайызға көп. Құқық бұзушылардың басым бөлігіне тек айыппұл салынып, жеңіл жазамен құтылуда. Осыған байланысты, заңсыз алкогольмен айналысқандарға салынған айыппұл көлемі де рекордтық деңгейге жетті – 369,3 млн теңге. Бұл былтырғы 250,8 млн теңгемен салыстырғанда 47,3 пайызға артық. Оның 300,7 миллионы өндіріліп үлгерген.

Мәселенің әлеуметтік-экономи­ка­лық контексті де маңызды. Қазақстан – өз хал­қын алкоголь өнімдерімен ішкі өн­діріс есебінен қамтамасыз етіп отырған санаулы елдердің бірі. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елдегі коньяк­қа деген сұраныстың 75,3 пайызы, ша­рап­тың – 61,7 пайызы, сыраның – 90,2 пайы­зы отандық өніммен өтеледі. Тек 3,4 млн литр көлемінде ғана импорт жүзеге аса­ды, бұл жалпы көлемнің мардымсыз бөлігі.

Неліктен заңсыз өнім көбейіп жатыр?

Бұған бірнеше фактор әсер етуі мүм­кін. Біріншіден, бақылаудың әлсіздігі мен заң­ның жұмсаруы – айыппұлмен құтылу жағ­дайы жауапкершілік сезімін төмен­детеді. Екіншіден, бағаның өсуі тұтыну­шыны арзанырақ заңсыз өнімге жүгінуге итермелеуі мүмкін. Үшіншіден, сапасыз бақылау жүйелері – өндіріс пен сауданың әр кезеңінде тиімді бақылаудың жоқ­ты­ғы. Төртіншіден, тұтынушылардың сауат­сыздығы – жалған өнімнің ден­сау­лыққа қауіптілігі жөнінде ақпараттың аз­дығы.
2025 жылдың алғашқы төрт айын­дағы статистика Қазақстандағы алкоголь нарығының бір мезгілде әрі қарқынды дамып, әрі күрделі мәселелерге ұшырап отырғанын көрсетеді.
Алкоголь өнімдеріне салынатын акциз салығы жыл сайын артып отыр, бұл – ішімдіктің қымбаттауына тікелей әсер етуде. 2025 жылдың қаңтар-маусым айларында ішімдіктердің бағасы орта есеппен 9,9 пайызға қымбаттады, бұл азық-түлік бағасының өсу қарқынынан (8,1 пайыз) асып түсті. Осылайша, кей өңірде арақ – наннан қымбатқа түсіп отыр.
2020-2022 жылдары арақ бағасының өсімі азық-түлікке қарағанда баяу болған. Алайда 2023 жылдан бастап жағдай өзгерді, енді арақ пен шарап бағасы азық-түлік инфляциясынан алда келеді.
Алкоголь бағасының шарықтауы мына облыстарда байқалды: Батыс Қазақстан – 14,6 пайыз, Түркістан – 14 пайыз, Жамбыл – 12,5 пайыз, Қарағанды – 12,2 пайыз, Атырау – 11,7 пайыз. Бұл көрсеткіштер аймақтық табыс пен өмір сүру деңгейі арасындағы теңгерімсіздікті де айғақтауы мүмкін. Бағаның шарық­тауы халықтың арзан, заңсыз және сапа­сыз ішімдікке жүгіну қаупі арттырады, бұл – әлеуметтік және меди­циналық тұр­ғыдан үлкен қатер.

Бутлегерлік – тек заң бұзу емес

Қазақстанда бутлегерлікпен күрес соң­ғы жылдары күшейе түсті. Ішкі істер ми­нистрлігінің 2024 жылғы деректеріне сәй­кес, 6 мыңнан астам кәсіпкерлік су­бъек­тісі жауапқа тартылған. Олардың үш­тен бірі сот шешімімен лицензиясынан айы­рылды. Кейбір заңды спирт зауыт­тары түнде жасырын өнім шығарып, заң­сыз айналыммен айналысқан. 3 мың­нан астам заңсыз әрекет (самогон қай­нату, суррогат сату т.б.) анықталған. Бұл көр­сеткіштер заңсыз алкоголь бизнесінің кең ауқым алғанын және кейбір кәсіп­кер­лердің қосарлы стандартпен әрекет ете­тінін айғақтайды.
Деректерге сенсек, қоғамдық тәртіп бұзу­шылықтар да жиі кездеседі. Мәселен, 200 мыңнан астам адам мас күйінде не­месе қоғамдық орында ішімдік ішкені үшін ұсталған. Жалпы, заңды елемеген­дер­ге сот 1 жылға дейін алкоголь тұтыну­ға тыйым салады. Қайта бұзса, олар про­филактикалық есепке алынады. Мә­селе – тек бақылау мен айыппұлда емес. Заң­сыздықпен күресте – салықтық ба­қы­лау, лицензиялау процесін қатайту, қоғам­дық сана мен мәдениетке әсер ету шара­ларын да қамтуы тиіс. Себебі бутле­гер­лік – тек заң бұзу емес, ол халықтың ден­саулығына тікелей қауіп. Сондықтан құ­қық қорғау органдарымен қатар, тұ­тыну­шылардың саналы таңдауы мен ақ­параттануы да маңызды рөл атқарады. 
2024-2025 жылдары Қаржы монито­рин­гі агенттігі 54 қылмыстық іс тіркеп, 25 жерасты цехын жойып, 205,4 мың бө­телке суррогат, 354 мың литр спирт, 61 мың жалған акциз белгісін тәркілеген.
Алайда Мәжіліс депутаты Нартай Сәр­­сенғалиев бұл жағдайға алаңдау­шы­лық білдіріп отыр. Оның айтуынша, жер­төледе жасалған, удай қауіпті ішім­дік­тер ел ішінде ашық саудаланып жа­тыр. Техникалық спирт пен метанол – адам денсаулығына аса қауіпті, тіпті өлім­ге апарады. Астана секілді ірі қала­лар­дың өзінде сөрелерде суррогат өнім­нің «самсап» тұруы – мемлекеттік бақы­лаудың әлсіздігін көрсетеді. 
Депутаттың айтатындай жөні бар. Мысалы, Шымкентте қолдан жасалған ал­коголь өнімдерін дайындаған цех анық­талды. 3 жылдан бері ерлі-зайып­тылар ешкімнен қорықпастан халықты улап келген. Бүгінге дейін 309 миллион теңге табыс тапқан. Қымбат көлік пен қымбат сарайда шалқып жүрген олар 3 жыл­да мыңдаған адамды улап бітті. Тек­серу кезінде цехтан 24 мың жалған акциз, 9 мың литр этил спирті табылды.
Облыстарда жалған арақтан уланып, қай­тыс болғандар көбейген.

Не істеу керек?

Бұл сұраққа мамандар былай дейді:
1. Жалған алкогольге қарсы арнайы ұлттық бағдарлама қабылдау;
2. Метанол мен техникалық спирт айналымын қатаң бақылау;
3. Сатылым орындарын жасырын мо­ниторингтеу, «жалған тұтынушы» әді­сін қолдану;
4. Қоғамдық ақпараттандыру – улан­ғандар мен қайтыс болғандар туралы нақты деректерді ашық көрсету.
5. Суррогат алкоголь өндірісі – ауыр қыл­мыс деп танылуы тиіс (жаза күшей­тілсін);
6. Қоғамдық рейдтер заңдастырылып, бел­сенділерге қолдау берілсін;
7. Өндіріс пен сауданың цифрлық б­а­қы­­лауын енгізу (бақылаусыз бөтелке өтпеуі керек).

Н.БАҚЫТ

Тэгтер:

сауда заңсыз алкоголь