Екі мұғалім батып бара жатқан қызды құтқарып, өздері суға батып кетті

Бүгін, 09:58 / Алуа Арман
istockphoto.com

Оқиға 10 шілде күні Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Ақжайық ауылында болған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жұрт Жайық өзенінің жағасында демалып жатқан. 13 жастағы қыз суға батып, көмекке шақыра бастаған. Жағада болған қыздың ағасы бірден көмекке ұмтылған. Қанат Шайхиденов те баланы шығарып алу үшін суға секірген.

Қыз құтқарылды. Алайда көмекке ұмтылған екі ер адам жағаға шыға алмай, қаза тапты.

37 жастағы Қанат Шайхиденов Абай ауылында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Артында отбасы, бес баласы қалды (үлкен баласы аутизммен ауырады, ал кенжесіне небәрі үш ай ғана болған).

Екінші қаза тапқан 25 жастағы Бекарыс Әміров Астанадағы Әбіш Кекілбаев атындағы BINOM мектебінде физика пәнінің мұғалімі болған. Ол ауылға туыстарымен уақыт өткізу үшін келген. Отбасын құруды жоспарлаған. Тамыз айында үйлену тойы өтуі керек еді.

Тэгтер:

мұғалім Жайық өзені суға бату құтқару Батыс Қазақстан