Шымкентте Әуезов атындағы университеттің бұрынғы басшыларына сот үкімі шықты

Бүгін, 09:05 / Інжу Әлихан

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің бұрынғы бірінші проректоры, шаруашылық басқармасы және қаржы департаменттерінің басшылары, сондай-ақ бірнеше кәсіпкерге қатысты қылмыстық іс қаралып, үкім жарияланды. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

 Іс материалдарына сәйкес, 2022 жылғы шілде мен қараша айлары аралығында университеттің бірінші проректоры мемлекеттік сатып алу шарттарына заңда белгіленген тәртіппен конкурс өткізбестен және нәтижелерін тексерместен қол қойған. Ол қаржы департаментінің басшысына жалпы сомасы 140 886 000 теңге болатын қаражатты үш жеке кәсіпкердің есепшотына аударуды тапсырған. Оның ішінде 13 185 000 теңге кейіннен иемденіліп, жымқырылған.

Сондай-ақ, шаруашылық басқармасы департаментінің басшысы, қаржы департаментінің басшысы және екі кәсіпкер алдын ала сөз байласып, аса ірі көлемдегі сеніп тапсырылған мүлікті иемденгені анықталды.

2024 жылғы сәуір мен қыркүйек айлары аралығында ректордың міндетін атқарушы мемлекеттік сатып алуларды порталға жарияламастан, жалпы сомасы 116 000 000 теңгені құрайтын шарттарға қол қойған. Бұл қаржыға университеттің бас ғимаратының техникалық бесінші қабатына жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, заңды рұқсаттар алынбаған.

Тексеру нәтижесінде университетке жалпы сомасы 116 000 000 теңге көлемінде материалдық залал келген. Ал кәсіпкерлердің бірі жымқырылған қаржының бір бөлігін автокөлік сатып алуға жұмсаған. Ақша қаражатын заңдастырған. Қылмыстық іс бойынша келтірілген залал өтелген.

Сот қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде айыпталушылардың шынайы өкініш білдіруін, асырауындағы жасөспірім балалардың болуын және келтірілген залалдың өтелуін ескерді.

Сот үкімімен:

• бұрынғы бірінші проректор — мемлекеттік органдардағы лауазымды қызметтерді өмір бойына атқару құқығынан айырыла отырып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды;

• шаруашылық басқармасы департаментінің басшысы — 5 жыл 7 ай 6 күнге шартты түрде бас бостандығынан айырылды;

• қаржы департаментінің басшысы — 5 жыл 7 ай 6 күнге бас бостандығынан айырылды;

• кәсіпкерлердің бірі — 5 жыл 7 ай 6 күнге шартты түрде бас бостандығынан айырылды;

• тағы бір кәсіпкер — мүлкі тәркіленіп, 5 жыл 7 ай 6 күнге бас бостандығынан айырылды;

• бір қызметкер — 1 жылға бостандығын шектеу жазасына кесілді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.