Жыл басынан бері елімізде 13 мыңнан астам интернет-алаяқтық анықталған – ІІМ

Бүгін, 08:20 / Дана Ізтілеуова
Polisia.kz

Ішкі істер министрлігінде Бахтияр Мәкеннің төрағалығымен Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Оған депутаттар, адвокаттар, қоғам белсенділері мен ведомство өкілдері қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Кейбір қатысушылар отырысқа онлайн форматта қосылды. Күн тәртібінде киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл және қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіру мәселелері қаралды. ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай интернет-алаяқтықтарға қарсы қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Жыл басынан бері Қазақстанда 13 мыңнан астам интернет-алаяқтық анықталған. Спикердің айтуынша, мұндай қылмыстардың ашылу деңгейі ұйымдастырушылық және практикалық шаралардың кешенді түрде жүзеге асырылуының арқасында артып келеді.

– Киберқылмыстарға қарсы күрестің тиімділігін арттыру үшін біз алдын алу шараларын да, жедел іс-қимылдарды да белсенді жүзеге асырып келеміз. Бұл істе қаржы ұйымдары мен ұялы байланыс операторларымен әріптестік маңызды рөл атқарады, – деп атап өтті Жандос Сүйінбай.

Екінші деңгейлі банктермен бірлескен "Антифрод" жобасы аясында жәбірленушілердің шоттарынан 2,2 млрд теңгеге жуық қаражатты шығару әрекетінің жолы кесілді. Сонымен қатар "дроптар" атына ашылған шоттарда тағы 644 млн теңге бұғатталды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, 75 sim-бокс және 89 мыңнан астам тіркелмеген sim-карта тәркіленді. Биыл ұйымдасқан қылмыстық топтарды құру және басқару фактілері бойынша алты қылмыстық іс қозғалды, оның ішінде біреуі трансұлттық ұйымдасқан топқа қатысты. Өткен жылдың қыркүйек айында Алматы қаласында төрт call-орталық анықталып, онда шетел азаматтары жәбірленуші болған. Нәтижесінде 47 шетелдік және 5 қазақстандық азамат ұсталды. Жыл басынан бері Астана мен Алматы қалаларында тағы төрт алаяқтық орталықтың қызметі тоқтатылды. Қаңтар айында бірлескен халықаралық арнайы операция барысында шетелде жұмыс істеген екі call-орталық жойылды. Отырыста қаралған тағы бір маңызды мәселе қылмыстық-атқару жүйесінің қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары болды. ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Рүстем Тұңғышбаевтың айтуынша, бүгінде елде 78 түзеу мекемесі жұмыс істейді. Жүйенің басым бағыттарының бірі – сотталғандарды еңбекпен қамту.

– Қазіргі уақытта жұмыс істеуге қабілетті сотталғандардың 60%-ы жұмысқа тартылған. Бұл көрсеткішті арттыру үшін 259 өндірістік алаң құрылды, онда шамамен 4,5 мың сотталған еңбек етуде, – деді Рүстем Тұңғышбаев.

Өндірілетін өнімнің сапасын арттыру мақсатында барлық тігін өнімдерінің стандарттарға сәйкестігін тексеретін екі конструкторлық бюро ашылды. Сондай-ақ бизнес өкілдерін тарту жұмыстары жалғасуда. Бұл үшін түзеу мекемелері өз аумақтарын тез салынатын модульдік нысандар орнату үшін ұсынып отыр. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға және өндірістік әлеуетті дамытуға ықпал етеді. Қоғамдық кеңес мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы диалогты одан әрі нығайтудың, сондай-ақ құқық қолдану тәжірибесіне тәуелсіз сарапшыларды тартудың маңыздылығын атап өтті. Отырыс мазмұнды форматта өтіп, өзекті мәселелерді талқылауға арналған алаңға айналды.

Ақпарат көзі Polisia.kz сайтында: https://polisia.kz/iim-de-qoghamdyq-kengesting-otyrysy-otti-2/

Тэгтер:

Ішкі істер министрлігі интернет алаяқтық