Орал тұрғыны тілін кәлимаға келтіруден бас тартқан ұлын ұрып-соққан

Бүгін, 05:55 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Орал қаласында ер адамның баласына қатыгездік көрсеткені жөнінде әлеуметтік желіде ақпарат тарады.

Бұрынғы әйелінің сөзіне қарағанда, күйеуі баласын қамап ұстап, тілін кәлимаға келтіруден бас тартқаны үшін ұрған. Соның салдарынан бала сөйлеуден қалған, оған медициналық диагноз қойылған. Полицияға шағым түсірсе де, ер адам жазаланбаған.

- Оған қоса жұмыссыз ретінде тіркеліп, табысын да, дүние-мүлкін де жасырып отыр, - делінген Телеграмда таралған ақпаратта.

БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің нақтылауынша, 2021 жылы діни некеде тұрған әйел мен ер адам арасында тұрмыстық жанжалдар орын алған. Әйелдің өтініші бойынша полиция тарапынан ер адамға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылған.

2021 жылғы маусым айында әйел Орал қаласындағы дағдарыс орталығында тұрған, кейін Тараз қаласына көшіп кеткен.

Қазіргі уақытта анасы мен баласы Таразда тұрады. Бала түзету-оңалту бағытындағы балабақшаға барады.

- Полиция балаларға қатысты кез келген зорлық-зомбылық фактілері бойынша заңнамаға сәйкес қатаң шаралар қабылданатынын ескертеді. Аталған жағдай БҚО полиция департаменті басшылығының бақылауында, - деп хабарлады ведомстводан.