«Таза бейсенбі»: Өңірлерде саябақтар мен өзен жағалаулары қоқыстан тазартылды

Бүгін, 17:26 / Інжу Әлихан
«AMANAT» партиясы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында «AMANAT» партиясы «Таза бейсенбі» акциясын тұрақты түрде өткізіп келеді. Іс-шара барысында игі іске қатысушылар саябақтар мен өзен жағалауларын ретке келтіріп, жиналған қоқыстарды қайта өңдеуге жіберуде, деп хабарлайды turkystan.kz.

Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауылындағы Киргородок шағын ауданында өткен акция барысында шөп шабу, қураған және апатты ағаштарды кесу, тұрмыстық қалдықтарды жинау жұмыстары жүргізілді. Игі іске 40-қа жуық тұрғын мен жастар қатысты.

Жамбыл облысы Жамбыл ауданында Ащыбұлақ ауылдық округіне қарасты Сеңгірбай көлінің жағалауы тазартылды. Іс-шараға партия белсенділері, мәслихат депутаттары мен жергілікті жастар жұмылып, көл маңайын тұрмыстық қалдықтан арылтты.

«Бүгін Сеңгірбай көлінің жағалауында ұйымдастырылған тазалық іс-шарасы тұрғындардың бірлігі мен қоршаған ортаға деген жауапкершілігін көрсетті. Мұндай игі істер арқылы біз табиғатты қорғаумен қатар, жас ұрпаққа тазалық пен тәртіптің үлгісін көрсетеміз. Алдағы уақытта партияның аудандық филиалы осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра береді», – деді «AMANAT» партиясы Жамбыл аудандық филиалының төрағасы Талап Әбдібеков.

Түркістан облысының Арыс қаласында ұйымдастырылған тазалық жұмысына 30-ға жуық табиғат жанашыры қатысты. Қатысушылар көшелерді шаң-тозаңнан тазартып, шөптерді шауып, арықтарды тазалады. Іс-шараға осы аумақта тұратын тұрғындар да қосылып, көше бойындағы ирригациялық арықтарды тазартты. Экоакцияға «AMANAT» партиясы Арыс қалалық филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбеков, «Сұлтанбек Қожанов» бастауыш партия ұйымының төрағасы Аманғали Жұмабеков, филиал қызметкерлері, «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері және бастауыш партия ұйымының мүшелері атсалысты.

Атырау облысының Мақат ауданы Мақат кентінде өткен акция барысында кент тұрғындары өз аулаларынан бастап, ортақ аумақтарды қоқыстан тазартты.

«Тұрғылықты жердің тазалығы әр тұрғын-үйдің ауласынан басталады. Бүгінгі акция аясында мақаттықтар тазалық жұмыстарын өз аула, үй маңайынан бастап, ортақ аумақтарды қоқыстан тазартты. Бұл бастама кенттің көркін жақсартып қана қоймай, экологиялық мәдениетті арттыруға да септігін тигізді», – деді Мақат аудандық жастар орталығының басшысы Есімхан Табылдыұлы.

Алматы қаласында Бостандық ауданында өткен тазалық жұмыстарына денсаулық сақтау саласының өкілдері, еріктілер мен тұрғындар қатысты. Қатысушылар аула мен көшелерді тазалап, жасыл аймақтарды ретке келтірді. Аталған іс-шараны қолдау мақсатында акцияға «AMANAT» партиясының Бостандық аудандық филиалына қарасты «Денсаулық» ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы мен Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының бастауыш партия ұйымдарының белсенді мүшелері қатысты.

Жетісу облысы, Сарқан ауданында өткен акция барысында 40-қа жуық адам орталық саябақ пен Қойтас саябағын тазалап, 2 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.

Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданының Булаево қаласында спорт кешені аумағы тазартылды. Қатысушылар қоқыс жинап, спорт кешенінің маңын қураған шөп пен жапырақтарды тазартты, сондай-ақ спорт алаңдарының айналасын абаттандырды.

«Таза да жайлы қала – әрбірімізден басталады. Біз Булаево қаласының басқа елді мекендерге үлгі болғанын қалаймыз. Жастар, белсенді азаматтар мен тұрғындар ортақ мақсат жолында біріксе – бұл болашаққа жасалған ең тиімді инвестиция», – деді аудандық филиалдың атқарушы хатшысы Хайнолла Сматов.

Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауылында ескі тоғанның жағалауы тазаланды. Тазалық акциясына аудандық бастауыш партия ұйымдарының мүшелері, Жастар рухының еріктілері мен белсенді жастар қатысты.

«Қазіргі таңда жаз мезгілі себебінен түрлі қоқыс қалдықтары ұшып, ескі тоғандарды толтыруда. Бұл ауыл тұрғындарының демалыс аймағы болғандықтан, оған құрметпен қарап, әр апта сайын тазалық жұмыстарын жүргізуді қолға алдық. Таза ортада өмір сүру өз қолымызда екенін әркез ұмытпауымыз қажет», – деді аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Мирхат Ибраев.

Шымкент қаласында Әл-Фараби ауданындағы Ескі қалашық аумағында өткен акцияға 50-ге жуық адам қатысты. Олар бейберекет өскен шөптерді шауып, қураған ағаштарды кесіп, тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасады.

Тэгтер:

«AMANAT» партиясы Таза Қазақстан Таза бейсенбі