Астанада "Asyl-NurQurylys" ЖШС құрылыс компаниясына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Полицияның мәліметінше, күдіктілер 300-ден астам азаматты алдады деп болжанып отыр.
Белгілі болғандай, аталған ЖШС өкілдері 2024 жылдың наурыз айынан бастап рұқсат құжаттары болмағанына қарамастан, интернет-платформаларда жарнама беріп, "Mardan" тұрғын үй кешені құрылысы жүріп жатқан үйден пәтер брондау туралы келісімшарттар жасаған. Уәкілетті тұлғалар тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтау сылтауымен үлескерлердің жалпы сомасы шамамен 4 миллиард теңгені иемденген. Астана қаласы әкімдігі сот шешімімен алданған тұрғындардың мүддесін қорғау үшін нысанды сүріп тастады.
Сотқа дейінгі тергеу барысында ЖШС басшыларының біріне "қамауға алу" түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылса, екіншісі іздеуде жүр. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде, қосымша сот сараптамалары тағайындалды. Олардың қорытындысы бойынша күдіктілердің іс-әрекеттеріне түпкілікті құқықтық баға берілетін болады.
Құқық қорғау органдары компания басшыларының іс-әрекетінен зардап шеккен азаматтарды Астана қаласы полиция департаментіне, Сейфуллин көшесі, 37 мекенжайы бойынша хабарласуға шақырады