Қонаев қаласында екі күндік форумға өңірдің 150-ден астам бастауыш ұйым төрағасы қатысуда. Алматы облысында «AMANAT» партиясы бастауыш партия ұйымдарының форумы өтіп жатыр. Екі күнге созылатын бұл форумның мақсаты – бастауыш партия ұйымдарының әлеуетін арттыру, тәжірибе алмасу және жаңа жобаларды талқылау, деп хабарлайды turkystan.kz.
Форумның ашылуында «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Жакупов өңірдегі 157 бастауыш партия ұйымының 56 мыңнан астам мүшесі белсенді жұмыс істеп отырғанын атап өтті.
«Бастауыш ұйымдар – партияның берік тірегі. Олар халық арасында партияның мақсат-міндеттерін, бағдарламалық құжаттарын түсіндірумен айналысады. Әр мәселені дер кезінде жеткізіп, шешуге ықпал етіп келеді. Нәтижесінде «Халықпен бірге!» бағдарламасы жүйелі орындалып жатыр. Биыл «Ауыл аманаты» аясында тұрғындарға 271 несие берілді. «Жер аманаты» бойынша 93 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды. «Қарызсыз қоғам» жобасында 16 мыңнан астам адам қаржылық сауаттылыққа оқытылды. Ал «Таза бейсенбі» экоакциясында 280 тонна қоқыс шығарылды. Сондай-ақ «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» сияқты жобалар да белсенді жүзеге асуда», – деді филиал төрағасы.
Айта кетейік, биылғы облыстық бастауыш партия ұйымдары арасындағы байқауда Іле ауданындағы «Бент», Еңбекшіқазақ ауданындағы «Рахат» және Жамбыл ауданындағы «Қарғалы» үздік деп танылған. Іле ауданындағы «Бент» республикалық кезеңде де жеңіске жетіп, өңір намысын қорғады.
Жеңімпаздардың бірі – «Қарғалы» бастауыш партия ұйымының төрайымы Жангүл Оразалиева форумда ұйым жұмысы мен партияның ел өміріндегі рөлі туралы өз пікірін білдірді.
«Қарғалы» бастауыш партия ұйымы 10 партиялық топтан құралған. Құрамында 1085 мүше бар, олардың төрттен бірі – жастар. Бұл – біздің ұйымның болашағы мықты екенін көрсетеді. Мұндай форумдар тәжірибе алмасуға, жаңа идеялар мен жобаларды талқылауға мүмкіндік береді. Ал ол бастамалар ауылдар мен аудандарда нақты іске асқанда ғана өз жемісін береді», – деді ол.
Форумға партия Орталық аппаратының ұйымдастыру және аумақтық жұмыс департаменті директорының орынбасары Жандос Қалтаев қатысып, оқыту бағдарламасының мақсатын түсіндірді.
«Бұл бағдарлама теориямен ғана шектелмейді. Басты мақсатымыз – бастауыш партия ұйымы жетекшілерімен нақты тәжірибе алмасу. Қатысушылар халықпен тиімді қарым-қатынас орнатуды, әлеуметтік желілерді дұрыс қолдануды, жергілікті бастамаларды іске асыру тәсілдерін үйренеді. Екі күндік семинарда нақты мысалдар талданып, практикалық тапсырмалар орындалады. Мұндай оқыту партияның өңірлердегі жұмысын жаңа деңгейге көтереді», – деді ол.
Айта кетейік, форумда екі күн бойы БПҰ қызметін жетілдіру, жасанды интеллект және ішкі жұмыс тақырыптарындағы семинарлар, командалық эстафета мен «Чемпиондық рух» таңғы жаттығулары өтеді. Жиын соңында әр ұйым жұмысын дамыту бойынша жоспарын әзірлейді.