Жетісу өңіріндегі су электр станциясында апат болды

13 тамыз, 2025 / Інжу Әлихан
скриншот

12 тамызда Жетісу облысы Сарқан ауданындағы қуаты 2,4 МВт «Верхне-Баскан» гидроэлектростанциясында (ВБ ГЭС) апат болды. Су ағыны станция аумағын басып, жабдықтың жұмысы тоқтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан бейнежазбалар тарады. Кадрларда жер астынан атқылаған су станция аумағын басып қалғаны көрінеді. Куәгерлердің айтуынша, бәрі қатты дыбыстан және бөгет астынан су атқылаудан басталған. Су қысқа уақытта алаңды толтырып, ГЭС ғимаратын және жабдықтың бір бөлігін су астында қалдырды. Персонал эвакуацияланып, аумақты құтқарушылар мен полиция қоршауға алды. Түнге қарай су тасқыны тоқтатылды.

Әкімдік мәліметінше, 12 тамыз күні сағат 17:00-де Сарқан ауданындағы Екіаша ауылында, Кіші Басқан өзенінде орналасқан ВБ ГЭС-2 станциясында су құбырының жергілікті жарылуы болған. «Baskan Power» ЖШС-нің қауіпсіздік мамандары суды жоғарғы суқабылдағыштан дереу тоқтатып, судың станция аумағынан тыс жерге таралуына жол бермеді.

«Уақтылы әрекеттің арқасында өзен маңындағы тұрғын үйлер зардап шеккен жоқ. Халыққа және экологияға қауіп жоқ», – деді әкімдікте.

Тэгтер:

Жетісу облысы