Әлеуметтік-экономикалық салада құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жүйелі қадағалау құрылып, 2 миллионнан астам азаматтың әлеуметтік құқықтары қалпына келтірілді, деп хабарлайды Бас прокуратура.
Прокурорлар әлеуметтік тұрғын үйді бөлу практикасын қайта қарауға қол жеткізді. Нәтижесінде 529 жетім бала пәтерге ие болды, тағы 409-ы кезекке тұрды.
Психикалық және мінез-құлқының бұзылыстары бар балаларды қолдау саласында жиі жол берілетін проблемалар анықталды. Отбасыларға тиісті әлеуметтік қолдау көрсетілмейтіні, жәрдемақы төленбейтіні, инклюзивті және түзету жабдықтарының жетіспейтіні белгілі болды. Барлық бұзушылық бойынша қадағалау актісі енгізіліп, 4,5 мың баланың құқығы қорғалды.
Прокурорлар мемлекетке 380 жер учаскесін қайтарды, оның ішінде 207 әлеуметтік нысан – саябақтар, балабақшалар, мектептер мен ауруханалар салуға арналған учаскелер бар.
Құрылыс саласында Президенттің тапсырмасы бойынша 2022 жылдан бері ірі қалалардағы ретсіз салынған құрылыстың жолын кесуге бағытталған жүйелі шаралар қабылдануда. Прокуратура ұсыныстары негізінде бақылау күшейтіліп, құрылыс саласы автоматтандырылды.
«Балық шаруашылығында да заңсыз схемалар әшкереленді. Оңтүстік және шығыс өңірлерде браконьерлік жолмен ауланған балықты заңдастыру, ал солтүстікте (Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары) шаянның жұмыртқасын заңсыз өндіру фактілері анықталды. Бұл деректер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде», - делінген ақпаратта.
Жалпы жүйелі және елеулі бұзушылықтар бойынша Үкіметке 9 қадағалау актісі енгізілді. Олардың негізінде Жол карталары әзірленіп, құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар дайындалуда.
Сондай-ақ, Бас Прокурор қылмыстық процеске қатысушылар құқықтарының кепілдіктері күшейтіліп жатқанын айтты.
«Қылмыстық ортаға 2547 адамды негізсіз тартуға жол берілмеді. Азаптау фактілері үш есеге қысқарды (-67%, 152-ден 50-ге дейін). 81 сотталған адамның жағдайы жақсарды», – деді ол.
Тергеу органдарының 12 мыңнан астам заңсыз шешімінің күші жойылған.