Көлік министрлігі бұрынғы вице-министрі Сәтжан Аблалиевтің ұсталғанын растады. Ол көлік вице-министрі қызметінен босатылған, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Ведомство жүргізіліп жатқан процессуалдық іс-қимылдар шеңберінде құқық қорғау органдарына қолдау көрсетіп жатыр», – деді министрлік.
Бұған дейін Үкіметтің баспасөз қызметі Сәтжан Аблалиевтің қызметінен босатылғанын растаған, алайда себептерін нақтыламаған еді. Оған дейін Көлік министрлігінің ресми сайтынан вице-министр туралы ақпарат алынып тасталған болатын.
Еске сала кетсек, вице-министрдің ұсталғаны жайлы ақпарат 2 тамызда шыққан еді. Ол кезде оның пара алды деген күдікке ілінгені хабарланған. Ұсталған шенеунік Сәтжан Аблалиев болуы мүмкін екені туралы Telegram-арналарда жазылған, бірақ бұл ресми түрде расталмаған.
Кейінірек ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі көлік вице-министрінің ұсталған сәтінен бейнежазба жариялады, алайда шенеуніктің аты-жөнін атамады.