Ақтөбедегі медициналық колледжге грантқа түсу үшін құжат тапсырған талапкердің ата-аналары шу шығарды, деп хабарлайды turkystan.kz Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Ата-аналар «балаларымыз жоғары балл жинаса да, конкурстан өте алмай қалды» деп отыр. Себебі бір күн бұрын қабылдау комиссиясы тесттен 25 балл жинаған талапкер грантқа үміткер бола алатынын айтқан. Ал тест тапсырғаннан кейін мұндай баллмен өтпейді депті. Ашуланған ата-аналар колледж басшылығының бұл талабымен келіспейді.
"Кеше зумда балаларға айтты проходной балл 25 балл жинасаңыз, конкурсқа өтесіз деп. Бүгін балаларымыз бірінші потокпен келді. Менің қызым 40 балл алып отыр. Мама өтті деді маған. Енді жарты сағаттан кейін группаға жазып жатыр кім 50 балл алмайды. Сол балалар конкурсқа өтпейді дейді. Екі сөз сөйлейді. Кеше былай айтады. Бүгін былай айтады. Не үшін балаларға үміт береді?", – дейді ата-ана Динара Сапарова.
"Бізді грантқа қабылдасын. Хотя конкурсқа қатысып көрейік. Многодетный болған соң, бір емес 7 бала болған соң грантқа үмітті болып тапсырып тұрмыз. 44 балл алған біздер өтпей тұрмыз. Ал мына келіншек 26 балл алған баласы келіп документті алып кетейін десе, жоқ сіз күте тұрыңыз, өтуіңіз мүмкін деп айтты дейді. Ал бізге 44 балл алып тұрған біздерге өтпейсің дейді", – дейді Мәншүк Бейсенова.
Ал колледж басшылығы бар кінә ата-аналардың өздерінде дейді. Өйткені олар тестілеудің талабын дұрыс түсінбеген деп отыр.
"Бізде 125-ші бұйрық бар .Сол бұйрық бойынша балдық жүйемен. Яғни 50 сұраққа тестқа жауап беретін болса, ол 100 балл деп есептеледі.Егер бала 50 сұрақтың 25-тен төмен 24 сұрағына жауап берсе ол 49 ұпай болып есептелінеді. Яғни ата-аналар түсінбей тұр. 50 сұрақтың 25-не жауап берген болса ол 50 пайыз болып есептеледі. 25 сұрағына жауап берсе елу пайыз жинады да бала конкурсқа өте алады. Егер 25 сұрақтан төмен 24 сұраққа жауап берсе 49 пайыз болып естептеледі. Ол бала конкурсқа өте алмайды", – дейді М.Мәметова атындағы медициналық колледжі қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Замза Алипова.
Оқу орнының басшылығы ата-аналар сұрақтың саны мен пайызын шатастырған дейді. Ал биыл 9-сыныпты бітірген талапкерлерге 100 грант бөлініпті. Ал грантқа түсе алмағандар ақылы бөлімге құжат тапсыруға болатынын айтады. Жылдық оқу ақысы – 500 мың теңге.