Өскеменде тұрғындардан ақша бопсалаған блогер сотталды

12 тамыз, 2025 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Өскемен қаласының тұрғындары мен полицейлердің абыройына нұқсан келтіретін видеоны әлеуметтік желіге жариялаймын деп қорқытып, ақша талап еткен блогер сотталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

ШҚО соты баспасөз қызметінің мәліметінше, К. есімді азамат 2021 жылдың шілдесінен 2024 жылдың мамырына дейінгі аралықта 6 жәбірленушіден ақша бопсалаған. 

"Блогер әйелі мен күйеуінің отбасылық жанжалы түсірілген видеоны әлеуметтік желіге жариялайды. Сол видеоны өшіру үшін ерлі-зайыптыдан 21 000 теңге талап еткен. Ақша қолына тигеннен кейін видеоны өшірген", - делінген ақпаратта. 

Тағы бір азаматтың көлік жүргізуге құқығы жоқ екенін білген айыпталушы оны видеоға түсіріп, желіге жүктейтінін, полиция шақыратынын айтып қорқытқан. Осылайша, ер адамнан 140 000 теңге бопсалап алған.

"2024 жылғы сәуірде К. өзінің Instagram желісіндегі парақшасында мектептерге генераторларды қымбат бағамен жеткізген адам жайлы видео жариялап, бұл факті бойынша құқық қорғау органдарын тексеру жүргізуге шақырған. Содан кейін бұл жазбаны өшіру үшін ол азаматтан 700 000 теңге талап еткен", - делінген хабарламада. 

Сондай-ақ блогер жол ережесін бұзған өзінің бұрынғы әйеліне хаттама толтырған полиция қызметкерлерін аңдуға көшкен. Видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялап, олардан бұрынғы жұбайының айыппұлын төлеуді, оған гүл сыйлап, кешірім сұрауды талап етті. Полицейлер бұл талаптарды түгелдей орындауға мәжбүр болған.

Өскемен қалалық №2 сотында өткен сот отырысында К. өз кінәсін мойындамады. Сот айыпталушыны кінәлі деп танып, 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сонымен қатар ол үш жәбірленушіге жалпы сомасы 500 000 теңге көлемінде моральдық залалды өтеуге міндеттелді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Тэгтер:

блогер бопсалау Өскемен