2025 жылдың екінші тоқсанында Қазақстандағы орташа айлық жалақы 448,6 мың теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 11,3%-ға артты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алайда инфляцияны есепке алғанда жалақының нақты өсімі болған жоқ – көрсеткіш 2024 жылғы деңгейде қалды. Бұл 2015 жылдың басынан бері жылдық нақты жалақы өсімінің нөлдік деңгейде болған алғашқы жағдай.
«Бұған дейін нақты жалақы сегіз тоқсан қатарынан өсіп келген, жылына орта есеппен 2,5%-ға. Соңғы 7,5 жылда төмендеу тек екі рет – 2016 және 2023 жылдары тіркелді», – деп атап өтті Ұлттық статистика бюросы.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше ең көп жалақы төмендеуі құрылыс саласында – 10,8%-ға, 490,2 мың теңгеге дейін, сондай-ақ білім беру мен денсаулық сақтау саласында – 3,1%-ға байқалды.