Ақтөбеде пойыз бастығын өлтірді деген күдікті туралы ақпаратқа полиция түсініктеме берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
47 жастағы пойыз бастығына көшеде өтіп бара жатқан адам келіп, темекі сұраған. Ол бас тартқаннан кейін күдікті пышақ шығарып, алты рет соққы жасаған. Қылмыс вокзал перронында болды деген болжам айтылған. «Жолаушылар тасымалы» АҚ нақтылағандай, қаза болған қызметкер қайғылы оқиға болған күні еңбек демалысында болған.
«7 тамызға қараған түні Ақтөбе қаласында болған кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті дереу ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлады Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, полиция күдіктінің бұл іске «қылмыстық ортада беделін арттыру» үшін барғанын жоққа шығарды.
«Жәбірленуші мен күдіктінің екеуі де мас болған. Араларында келіспеушілік туындаған. Азаматтарды жалған ақпарат таратпауға және тек ресми дереккөздерге сенуге шақырамыз. Жалған мәлімет таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке дейін қарастырылғанын еске саламыз», – деді полиция.
Өз кезегінде Ақтөбе облысы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде қылмыс жасалған сәтте ер адамның «пробация қызметінің есебінде тұрмағанын және тұрмайтынын» мәлімдеді.